«Тобыл» алғашқы матчта «Жилинадан» жеңіліп қалды
Конференция лигасы үшінші іріктеу кезеңіндегі «Тобыл» мен словакиялық «Жилина» матчында қонақтар жеңіске жетті, деп хабарлайды Prosports.kz.
Алғашқы ойын Нұр-Сұлтандағы «Астана-Аренада» өтті. Бірақ эпиджағдайға байланысты жанкүйерлер жіберілмеді.
Ойынның тағдырын бір ғана гол шешті. Бірінші тайм ортасында Гоно алыстан соққы жасаған. Александр Мокин допты дұрыс қабылдай алмай, күтпеген жерден гол болды.
Екінші таймда қостанайлықтар таразы басын теңестіруге тырысқанымен, «Жилина» қақпашысы өз командасын құтқарып қалды. 1:0 - алғашқы ойында «Жилина» жеңіске жетті.
Енді қарымта матч 12 тамызда Жилинада өтеді.
Конференция лигасы. Үшінші іріктеу кезеңі. 1-матч
«Тобыл» (Қостанай, Қазақстан) – «Жилина» (Жилина, Словакия) – 0:1 (0:1)
Гол: Гоно 27
Төреші: Иванов (Ресей)
5 тамыз. Нұр-Сұлтан. «Астана Арена» стадионы. Көрерменсіз.