Сәкен Бибосынов: Мырзағали Айтжанов екінші раундтан соң намысымды оятты
Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов Prosports.kz сайтына ширек финал аясында өткен испаниялық Габриэль Эскобар Маскунаноға қарсы жекпе-жек туралы пікірін білдірді.
- Жекпе-жек ауыр болды. Жүлдеге бір ғана қадам қалған еді. Сол үшін барымды салдым. Екінші раундта көп қателестім. Жеке бапкерім намысымды оятып, жақсы тактика қойып берді. Жоспарды орындап жеңіске жеттім.
- Қандай қателіктер жібердің?
- Қарсыласыма қарағанда бойында бойым ұзын болғандықтан ара-қашықтық сақтап жүруім керек еді. Алайда қарсыласымды жақын жіберіп қойдым. Алдыңғы қолмен көп жұмыс жасау керек болған.
- Келесі қарсыласың туралы не айта аласың?
- Ағылшын боксшысымен спаррингтерде кездескенбіз. Бір-бірімді жақсы танимыз. Бар күшімді саламын.
- Нокдаун болғанда не ойладың?
- Соққым тигенін сездім. Бір жағынан қуандым. Қарсыласым лас жұдырықтасты. Көп ұстасып қалдық. Дегенмен көп нәрсе өзіңе байланысты ғой. Жақын жібермегенде бұлай болмас еді.
- Трибунадан Серік Сәпиевтің айқайлап айтқан кеңесін ести алдың ба?
- Серік Сәпиев тәрізді Олимпиада чемпионы қолдау көрсеткеніне қуаныштымын. Ол кісінің қолдауы күш-қуат береді. Сол чемпиондардың жолын жалғастырып, Олимпиадада Қазақстан әнұранын шырқатуға бар күшімізді саламыз.
Фото: Сали Сабиров, Қазақстан ҰОК