Токио төрінде қай ел боксшыларының мерейі үстем?
Жазғы Олимпиадада бокс бәсекесі аяқталуға жақын. Кей салмақта финалға шыққан спортшылар да анықталды. Қалған үкілеп үміт артып отырған үш боксшымыз намысқа тырысса, биік тұғырдан көрінуі мүмкін, деп жазады Prosports.kz.
Токиодағы додада спорттың бұл түрінен Ресей мен Кубаның мысы басым. Қос ел де бокстан алты медаль жеңіп алуға жақын. Кубалық Йосбани Вейтия (52 келіге дейін) және Энди Крус (63 келіге дейін) ширек финалда жұдырықтасады. Екі боксшысы жартылай финалда бақ сынаса, екі боксшысы финалға шықты.
Ресейдің екі спортшысы жартылай финалда есе жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтты. Тағы үш боксшы жартылай финалда өнер көрсетеді. Габил Мамедов (63 келіге дейін) ертең ширек финал жекпе-жегін өткізеді. Жеңсе, көрші ел бокстан ресми түрде алты медальді қоржынға салады.
Қазақстан секілді ерлер арасында жарысқа сегіз боксшысын алып барған өзбектерден үш спортшы қалды. Баходир Джалолов жартылай финалға өтті. Ал, Шахобиддин Зоиров (52 келіге дейін) пен Элнур Абдураимов (63 келіге дейін) 3 тамыз күні ширек финалды артқа тастап, жартылай финалға өтуге тырысады.
Ел қоржынына бокстан алғашқы жүлдені 91 келіден жоғары салмақта жұдырықтасатын капитан Қамшыбек Қоңқабаев салды. 3 тамызда Сәкен Бибосынов (52 келіге дейін) пен Зәкір Сафиуллин (63 келіге дейін) шаршы алаңға ширек финалдан сүрінбей өту үшін шығады.
Екі салмақта британ-куба текетіресін көреміз:
69 келіге дейін
Пэт МакКормак (Ұлыбритания) - Рониэл Иглесиас (Куба)
81 келіге дейін
Бенджамин Уиттакер (Ұлыбритания) - Арлен Лопес (Куба)
Еске салайық, 2016 жылы Бразилияда өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан бокстан бір алтын, екі күміс, екі қола жеңіп алған еді.