Мұңды Жапония: Токио Олимпиадаға қалай дайындалды

Мұңды Жапония: Токио Олимпиадаға қалай дайындалды

Қазақстан Токио Олимпиадасында жалпы саны 14 жүлде алады. Мұндай болжамды Халықаралық Gracenote сараптамалық компаниясы ұсынды. Ал Қазақстан үкіметі мен Ұлттық Олимпиады комитеті болжамын айтпады.

Gracenote болжамы: Қазақстан бір ғана алтын алады

Олимпиада алдында Gracenote сараптамалық компаниясы өз болжамын ұсынды. Қазақстан спортшыларының арасынан боксшы Бекзад Нұдәулетов қана алтын алады деген сенім білдірген. Ал жалпы Қазақстан қоржынында бір алтын, үш күміс және он қола жүлде түседі дейді. 

2019 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатында күтпеген жерден алтын алған Бекзад Нұрдәулетовті Gracenote компаниясы фавориттер тізіміне қосты. Боксшылар Василий Левит пен Қамшыбек Қоңқабаев, әйелдер күресінен Валентина Исламова күміс алуы мүмкін. 

Қола жүлдені алуға он спортшының мүмкіндігі бар:

Сәкен Бибосынов, Абылайхан Жүсіпов (бокс);

Елдос Сметов (дзюдо);

Дархан Асаділов (карате);

Нұрислам Санаев, Данияр Қайсанов пен Әлішер Ерғали (еркін күрес).

Әдетте Олимпиадаға жүз жолдамадан көп алатын Қазақстан Токиоға тек 97 лицензияны иемденді. 

Сарапшылар не дейді?

Stan.kz тілшісі спорт саласында жүрген мамандардың пікірін білді. Соның бірі, көп жылдық тәжірибесі бар спорт журналисі Қуаныш Қаппас Олимпиадада жүлденің аз болатынын айтады. Оның сөзінше, биыл Қазақстан құрамасы көп жарыста бұрынғыдай фаворит емес.

"Біздің спортшылар Токиода жақсы өнер көрсетеді деп үміттенеміз. Бірақ медаль саны бұрынғылардан көп болады деп ойламаймын. Алтын медаль да аз болатын шығар. Өйткені ауыр атлетикадан екі-ақ спортшы бара жатыр. Әрі екеуі де фаворит емес. 2018 жылы Азия ойындарында еліміз спортшыларының көрсеткіші төмен болды. Сол кезде қазақ спортына сын көп айтылды. Мүмкін содан сабақ шығарып, Жапон жерінде жақсы нәтиже көрсететін шығар.

Бұрынғы Олимпиадаларда бокстың алтын медалін көбіне бірнеше елдің спортшылары бөлісіп алатын. Ал қазір олай емес. Көп елде бокс өте жақсы дамып жатыр. Мысалы бұрын жүлдеге мүлде таласпайтын Үндістан боксшылары қазір өте мықты. Бірақ біздің боксшылар кем дегенде бір алтын медаль алады", – дейді журналист.

Лондон және Рио Олимпиадаларында бокстан күміс жүлде алған Әділбек Ниязымбетов болса спортшылардың жақсы нәтиже көрсететініне сенімді. 

"Спортшылардың дайындығы жақсы. Олимпиадаға дейін жарыстарға қатысып жүрді. Жалпы көп спортшыларымыз жүлдеден үмітті.

Өз басым, боксшымыз Бекзад Нұрдәулетовке сенім артамын. Ол алтын алуға қауқарлы. Олимпиада бұған дейін жеңіп жүрген боксшылармен кездеседі. Шыны керек, Бекзадқа қарсылас көріп тұрғаным жоқ.

Абылайхан Жүсіпов, Әбілхан Аманқұл, Василий Левит, Қамшыбек Қоңқабаев – бәрі жүлде алатын боксшылар. Бәрі жақсы болып, бабы мен бағы келіссе, қоржынға бір-бір медальдар салар", – дейді бұрынғы боксшы. 

Сидней Олимпиадасының чемпионы, Атлантада өткен олимп ойындарының қола жүлдегері Ермахан Ибраимовтың спортшыларға артқан сенімі мол. Бокстан ұлттық құраманы жаттықтырған маман былғары қолғап шеберлерінен бөлек жүзу мен дзюдо спортынан жүлде күтеді. 

"Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннен жүлде күтемін. Содан кейін дзюдошы Елдос Сметовке үміт артамын. Боксшылардың бәрі сайдың тасындай мықты жігіттер. Грек-рим және еркін күрес палуандарынан жүлде күтемін. Олар да жүлде алып қалуы мүмкін. 

Біздің спортшыларымыз әр Олимпиадада үш алтын алған. Енді Токио Олимпиадасында әдеттегідей үш алтын әдбен болуы мүмкін. Жігіттер мен қыздар жақсы дайындалды", – дейді Олимпиада чемпионы. 

Олимпиада жүлдегері қанша сыйақы алады?

Қазақстан — Олимпиада жүлдегерлеріне сыйақы беретін аз ғана елдің бірі. Олимпиадада топ жарған спортшы 250 мың доллар алса, ал күміс жүлдегерлер 150 мың долларға ие болады. Қола жүлдегерлердің қалтасы 75 мың долларға қалыңдай түседі. 

Бұған қоса, чемпион атанған спортшының бапкеріне де сондай сомада ақша төленеді. Оның он пайызы алғашқы жаттықтырушыға беріледі. Тағы он пайызын ұлттық құраманың бапкері алса, қалғаны жеке жаттықтырушыда қалады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или