Бәрі Алматыда шешіледі. «Қайрат» «Маккабимен» тең түсті
Алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде хайфалық «Маккабимен» тең түсті, деп хабарлайды Prosports.kz.
Израильде өткен матч 1:1 есебімен аяқталды. Алматылықтар ойынды қарқынды бастады. Алғашқы сегіз минутта екі қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Алдымен Артур Шушеначевтің пасынан кейін Вагнер Лав гол соғуға міндетті болған, алайда оның соққысы қақпадан сәл биік кетті. Кейін Хосе Кантенің соққысы қақпа бағанасына тиді, бірақ шабуылшы ойыннан тыс қалған.
Ойынның бірінші таймы аяқталар тұста Омер Ацили есеп ашты. Камо Оганесян мен Айбол Әбікеннен сытылып өткен ол айып алаңына еніп, алыс бұрышты дәл көздеді. Бірніші тайм осы есеппен аяқталды.
Үзілістен кейін қазақстандық клуб белсенді болды. Кекердің командасы қарсыласқа қысым көрсетті. Ол жемісін берді. 76-минутта бұрыштан әуелеген допты Нұралы Әліп қарсылас қақпасының алыс бұрышына дәл жеткізді.
Осылайша, алматылықтардың Чемпиондар лигасына оралуы жақсы нәтижемен аяқталды деуге болады. Енді командалардың қарымта кездесуі 14 шілдеде Алматыда өтеді. Ел чемпионаты қажетті нәтижеге өз алаңында қол жеткізуге тырысады.
Чемпиондар лигасы-2021/22. 1-іріктеу кезеңі. Бірінші матч.
«Маккаби» Х – «Қайрат» 1:1 (1:0)
Голдар: Ацили 45 – Әліп 76.
7 шілде. Хайфа. «Самми Офер».