Azzurri! Италия Еуро-2020 финалына шықты. Бәрін пенальти сериясы шешті

Azzurri! Италия Еуро-2020 финалына шықты. Бәрін пенальти сериясы шешті

Футболдан Еуропа чемпионатының алғашқы финалисі Италия болды, команда жартылай финалда Испания құрамасын пенальти сериясында жеңді, деп хабарлайды Prosports.kz.

Еуро-2020. ½ финал

Италия – Испания – 1:1, 4:2 пен. (0:0, 1:1, 0:0, 0:0)

Голдар: Кьеза 60 (1:0), Мората 80 (1:1)

«Скуадра адзурра» мен «қызыл фурия» бір-бірімен жиі кездеседі. Мысалы, 2012 жылы Еурода екеуі екі рет кездесті - топтық кезеңде 1:1 есебі тіркелген, ал финалда Испания Италияны 4:0 есебімен тас-талқан еткен. 

Төрт жылдан кейін италиялықтар есе қайтарды. Еуро-2016 1/8 финалында испандарды үйіне қайтарды. Ал 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде Испания Италияға қарсы мүмкін болған 6 ұпайдың төртеуін еншілеп, «скуадра адзурраны» мундиальсіз қалдырған.

Жалпы, бұл екі құрама алма-кезек бір-бірінің қанын ішіп жүр, бұл жолы Роберто Манчини ұжымының кезегі келгендей еді. Бірақ оның қарсыласы Лиус Энрикенің өз жоспары болды. 

La Furia Roja бірінші минуттан допты өз бақылауына алды, бірақ Squadra Azzurra қарымта шабуылда қауіпті болды. Бірақ үзіліске дейін есеп ашылмады. 

Екінші таймда «қызыл фурия» допты иемденіп алды, көбіне доп итальян жартылай алаңында болды. Бірақ бірінші болып Италия футболшылары гол соқты. Қарымта шабуылдардың бірінде Федерико Кьеза есеп ашты. 

Бірақ испаниялықтар таразы басын теңестіруге тырысты. Бұған тура 20 минут қажет болды. Ойынға тыңнан қосылған Альваро Мората әдемі комбинацияны голға айналдырды. Командалар овертаймға аттанды. 

Қосымша уақыттың жарты сағаты голсыз өтті, сөйтіп, қарсыластар пенальти сериясына жүгінді. Шешуші соққыны Альваро Мората соға алмай, Италия құрамасы финалға жолдама алды. 

Осылайша, Италия құрамасы тарихында төртінші рет финалға шығып отыр. Манчини командасының қарсыласы Англия мен Дания матчында анықталады. Бұл ойын бейсенбіге қараған түні «Уэмблиде» өтеді - ал құрлық жеңімпазы алдағы жексенбіде белгілі болады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или