Шаңғышыларымыз әлем чемпионатында сәтсіз өнер көрсетті

Швецияның Фалун қаласында шаңғыдан әлем чемпионаты аяқталды. Оған әлемнің 55 мемлекетінен келген 700-ден аса спортшы қатысты. 21 жүлде сарапқа салынған жарыста Қазақстан құрамасы сәтсіз өнер көрсетті.

Жасыратына жоқ, бұл додада біздің басты үмітіміз Алексей Полторанин еді. Бірақ, Алексей бұл бәсекеде білгенінен жаңылды.

Шаңғыдан әлем чемпионатының бірінші күні ерлер еркін стильде 50 шақырымға жарысқан. Негізі, бұл сайыс Полтораниннің оң жамбасына келетін еді. Дәл осы стильде 2013 жылы Алексей Италияда өткен әлем чемпионатында қола жүлде алған болатын. Алайда, Швеция жерінде шаңғышымыз көңіл көншітерлік нәтиже көрсете ал­мады. Полторанин бұл қашықтықты 9-орынмен аяқтады.

Ерлер арасындағы 50 шақырымдық бәсекеде тағы екі отандасымыз – Сергей Черепанов пен Ердос Ахмадиев қорғаған болатын. Бірақ, бұл екі спортшы да мәре сызығын төртінші ондықтың қатарында кесті. Нақты айтар болсақ, Сергей мәреге 44-ші, ал Ердос 45-ші болып келді.

Әлем біріншілігінің екінші жарыс күнінде қыз-келіншектер 30 шақырымға еркін стильде жүгірді. Бұл сайыста ел намысын Анна Шевченко, Анна Стоян және Елена Коломина қорғады. Бірақ, біздің бұрымдылардың да көрсеткіштері нашар. Құраманы алға сүйрейді деген тәжірибелі Коломина жарысты 37-орынмен аяқтаса, Шевченко 42-ші, ал Стоян 44-ші болып мәре сызығын кесті.

Ерлер арасындағы командалық эстафетадағы көрсеткішіміз 13-орын болды. Бұл сында Алексей Полторанин, Евгений Величко, Николай Чебатько, Ринат Мухин Қазақстан намысын қорғаған еді. Ал, қыз-келіншектер арасында командалық эстафетаға қатысқан Қазақстан құрамасы 12-орынға тұрақтады. Бұл кезеңде ел намысын Анна Стоян, Марина Матросова, Ольга Мандрика, Анастасия Слонова қорғады.

Он шақырымға жүгірген ерлеріміз бен бес шақырымды бағындырған әйелдердің көрсеткіштері мәз емес. Ерлер арасындағы үздік көрсеткіш көрсетті деген Ринат Мухин 52-орында болса, Николай Чебатько 55-ші, Сергей Черепанов 56-ші, ал Денис Волотько 71-орын алды. Әйелдер арасындағы үздік көрсеткіш Анастасия Слонованың еншісінде. Ол мәре сызығын 48-ші болып кесті. Елена Коломина, Ольга Мандрика және Виктория Ланчакова алтыншы ондықтың қатарында.

Командалық спринт сайысында Марк Старостин мен Николай Чебатько 18-орын алса, Анастасия Слонова мен Елена Коломина 12-орынға жайғасты.

Біріншіліктің соңғы күндері өткен скиатлон сайысы да біздің спортшылар үшін сәтсіз болды. Ерлер арасында Алексей Полторанин 21-орын алса, әйелдер арасында Анастасия Слоноваға 32-орын бұйырды.

Міне, осылайша Фалунда өткен әлем біріншілігі Қазақстан құрамасы үшін сәтсіз өтті. Біздің құрама жалпы командалық есепте 21-орында. Жарыстың жалпы командалық сайысында Норвегия құрамасы көш бастады. Скан­динавия түбегінің түлектері 11 алтын, 4 күміс және 5 қола медальді иеленді. Екінші орында – Германия. Неміс шаңғышылары 5 алтын, 2 күміс және 1 қоланы қоржынға салды. Үшінші орында – Швеция. Шведтер 2 алтын, 4 күміс және 3 қоланы иемденді. Одан кейінгі сатыларға Франция ( 1 алтын+2 күміс+3 қола), Австрия (1+2+2), Ресей (1+1+0), Канада (0+1+1), Италия (0+1+1), Жапония (0+1+1), АҚШ (0+1+1), Чехия (0+1+0), Швейцария (0+1+0), Польша (0+0+2) және Финляндия (0+0+1) құрамалары жайғасты.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или