Қазақстандық теннисші Уимблдон жастар турнирінің іріктеу сайысында бақ сынайды
Қазақстандық Татьяна Николенко Уимблдон жастар турнирінің іріктеу сайысында бақ сынайды.
Өскемен теннис мектебінің түлегі Т.Николенко жастар арасында Уимблдон додасында сынға түсетін ел тарихындағы екінші ойыншы болмақ. Бұдан жеті жыл бұрын Әсия Даир негізгі турнирге сәл ілікпей қалған болатын. Онда ол іріктеу сайысының екінші кезеңінде ұлыбританиялық Пеппе Хорнға есе жіберген еді.
«Таняның «Үлкен дулыға» жарысындағы жолы биыл жыл басында Аустралияда басталуы керек еді. Алайда пандемияға байланысты ол мүмкін болмады. Содан кейін Францияға Ролан Гарросқа баруымыз қажет еді, бірақ визаны рәсімдей алмадық. Қазіргі кезде қызым Лондонда, 1 шілдеде іріктеу сайыстары басталады. Жеребеден кейін алғашқы қарсыласын білетін боламыз», деді спортшының әкесі Юрий Николенко.
Жастар арасында жаңартылған әлемдік рейтингте 17 жастағы Т.Николенко 85-орында келеді.