Елена Рыбакина Истбурн турнирінің жартылай финалына шықты
Қазақстанның бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Елена Рыбакина Истбурн (Ұлыбритания) WTA 500 турнирінің жартылай финалына шықты.
Е.Рыбакина ширек финалда дүниежүзілік рейтингте 61-орында тұрған латвиялық Анастасия Севастовамен кездесті. Бірінші партияда қос брейкке қол жеткізген латвиялық теннисші басымдылық танытты – 6:2. Екінші сетте есеп 3:2 болған мезетте Е.Рыбакина брейк жасап кетті. Бірақ қарсыласы іле-шала жауап қайырды – 4:4. Содан кейін тағы бір брейк жасап, алға шықты – 6:5.
А.Севастова матчқа доп бергенде, қазақстандық теннисші таразы басын қайта теңестірді – 6:6. Тай-брейкте Елена Анастасияның екі матчболынан сытылып, шыға білді – 7:6 (9:7). Үшінші, шешуші партияда есеп 5:5 болғанда, Рыбакина брейк жасай алды – 6:5. Алайда қарсыласы да қалыспады – 6:6. Ақыры тай-брейкте Елена жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:5).
Аса тартысты өткен бәсеке 2 сағат 31 минутқа созылды. Е.Рыбакина жүлде қоры 565 мың АҚШ долларынан асатын жарыстың финалына шығу үшін тағы бір латвиялық, әлемнің 43-ракеткасы Елена Остапенкомен таласады. Ол ширек финалда ресейлік, әлемнің 34-ракеткасы Дарья Касаткинаны 1:6, 7:5, 6:2 есебімен тізе бүктірді.