«Астана Арландары» Италия клубын әупіріммен жеңді

«Астана Арландары» WSB жобасы аясындағы кезекті кездесуін Алматыда өткізіп, «Italia Thunder» клубы боксшыларынан 3:2 есебімен басым түсті, деп жазады «Алаш айнасы».

Бұл кездесу шектен тыс тартысты болды. Италия клубы екі рет алға шығып, Қазақстан боксшылары есепті екі мәрте теңестірді. Кездесу тағдыры тек ең соңғы, ауыр салмақтағы жекпе-жекте шешілді.

"Astana Arlans" – "Italia Thunder" – 3:2

49 келі: Теміртас Жүсіпов – Барнс Патрик (Ирландия) – 0:3 (47:48, 46:49, 47:48)

Өте шиеленісті айқас болды. Теміртас аянып қалған жоқ. Рингте ширақ қимылдады. Соқққылары да діттеген жеріне дөп тиіп жатқан сияқты еді. Бірақ төрешілер шешімі мүлде басқаша болып шықты. Қапталдағы төрешілер жеңісті сәл ғана басымдықпен Ирландияның жанкешті жігітіне беріпті.

56 келі: Қайрат Ералиев – Майкл Конлан (Ирландия) – WP 2:1 (R5, 1:53), (49:46, 45:50, 48:47)

Бұл жекпе-жек те өте жоғары қарқында өтті. Екеуі де аянып қалған жоқ. Ирландияның қайсар жігіті жанкештілік танытты. Айылын жимай, тек алға ентелеумен болды. Ал Қайрат оны қарсы соққыларымен тойтарып отыруға тырысты. Көбінесе соққылары дөп тиіп отырды. Алайда бесінші раундта Қайраттың қабағы жарылып, жекпе-жек тоқтатылды.

"Италия клубы тағы да жеңіске жете ме" деп, зәреміз ұшқан. Бірақ ортадағы төреші Қайраттың қолын көтерді. Себебі жекпе-жек тоқтатылған сәтте төрешілердің есебі бойынша Қайрат жеңіп жатқан болатын.

64 келі: Асхат Уәлиханов – Винченцо Мангиакапре (Италия) – 0:3 (45:50, 45:50, 45:50)

Бұл жекпе-жекте Италия боксшысы жеңіске жетті. Оны мойындамасқа да амалымыз жоқ. Техникалық шеберлігі Асхаттан жоғары екен...

75 келі: Мейірім Нұрсұлтанов – Рафаэль Мунно (Италия) – 3:0 (50:45, 50:45, 50:45)

Бұл жекпе-жекте Мейірімнің мерейі үстем болды. Ол "Астана Арландары" жеңіліп жатқанда шаршы алаңға шығып, сенімді ақтады. Психологиялық тұрғыда жауапкершілік жүгін абыроймен көтере білді. Қарсыласынан тактикалық тұрғыда да, техникалық тұрғыда да басым түсті.

91 келі: Василий Левит – Эндри Спахиу (Италия) – DQ (R2, 1:38)

Бұл жекпе-жек екінші раундта-ақ тоқтатылды. Италия боксшысының біздің Василийден сескенетіндігі бірінші раундтың басында-ақ байқалып қалды. Эндри негізінен бас сауғалауды ғана ойлап, әр түрлі қулықтарға барды. Әсіресе, аузындағы капасын түсіріп жіберуі жиіледі. Оның жұдырықтасуға зауқы жоқ екендігін білген төрешілердің жекпе-жекті тоқтатқаннан басқа амалдары қалмады. Жеңіс! Левит "Астана Арландарын" алға шығарып, жеңіс әперді.

Енді "Астана Арландары" келесі кездесуін 7 наурыз күні түзде, нақтырақ айтқанда, Венесуэлада "Caciques de Venezuela" клубымен өткізеді.

«Алаш айнасы» сайтынан

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или