Григорий Бабаян: Қостанайда футбол жақсы дамып келеді
Бүгіннен бастап Қостанайдың «Тобылы» бас бапкер Григорий Бабаянмен еңбек қатынасын тоқтатты. Тараптар екіжақты келісім бойынша келісім-шартты үзді, деп хабарлайды қостанайлық клуб.
– Алдымен қостанайлық жанкүйерлерге, өңірге және облыстың әкімі Архимед Бегежанұлына алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ бапкерлер штабына, база қызметкердеріне және барлық футболшыларға рақмет айтамын.
Қостанайда футбол жақсы дамып келеді, оның дамуы үшін де көп нәрселер атқарылуда. «Тобылда» жұмыс істеген уақытта өз ісін меңгерген нағыз мықты адамдармен таныстым. Барлығыңызға алғысым шексіз, - деп атап өтті бас бапкер.
Бүгін Мәскеудің ЦСКА командасы қазақстандық маман Григорий Бабаянды бас бапкердің көмекшісі етіп тағайындағанын ресми түрде жариялаған еді.
Айта кетейік, ол қостанайлықтармен бірге чемпионаттың «күміс» жүлдесін және Суперкубогын ұтты.