Қазақстанға оңай жүлде жауатын универсиада керек пе?

Қазақстанға оңай жүлде жауатын универсиада керек пе?

Сонымен Словакия мен Испаниядағы қысқы универсиада өз мәресіне жетті. Жалпыкомандалық есепте үшінші орын алдық. Қоржынға 5 алтын, 6 күміс медаль түсті. Жиынтығы 11 жүлде. Алдымызды тек Ресей мен Оңтүстік Корея орады. Осыдан екі жыл бұрын Италияның Трентино қаласында өткен универсиада Қазақстан үшін бар-жоғы 5 медальмен (2 алтын, 2 күміс, 1 қола) аяқталған - тұғын. Осыны ескергенде биылғы көрсеткішті жаман деуге келмес...

Алайда, көңілге кірбің түсіретін мына бір жайларды айтпай кетсек дұрыс болмайтын секілді. «Бүгінгі ән, бұрынғыдан өзгерек» дегендей, бүгінгі универсиада бұрынғы мәртебесінен, биік беделінен айырылып бара жатқандай әсер қалдырды. Өйткені, көптеген мемлекеттер бұл жерге кәсіпқой мықтыларын емес, негізінен әуесқойлық деңгейдегі спортшыларын жіберді. Тек Ресей мен Қазақстан, ішінара Украина ғана сүт бетіне шығарларын жарысқа қосты. Нәтижесінде универсиаданың Словакиядағы кезеңінде сарапқа салынған 26 алтынның 14-ін РФ, 3-еуін Қазақстан жеңіп алды. Сонда қысқы спорты дәстүрлі дамыған Норвегия, Швеция, Германия, Италия, Франция, АҚШ, Австрия, Канада қайда? Дүниежүзілік додаларда топ жарған дүлдүлдерін неге қоспайды? Мәселен, Сочи олимпиадасында шаңғымен сырғанау және биатлоннан медалдық есепті ұтқан норвегтер Словакияда мүлде жүлдесіз (!) қалып кетті. Себебі түсінікті. Олар универсиаданы мықты турнир деп есептемейді. Және жарысқа сабақтан бос уақыттарында ғана спортпен шұғылданатын кәдімгі қарапайым студенттерді қосады. Ал Қазақстан мен Ресей, керісінше, Олимпиада, әлем чемпионаттары мен кубоктарында ысылған кәсіпқой спортшыларды, ұлттық құраманың мүшелерін олармен жарыстырып қойды.

Мысал керек пе, қараңыз. Шаңғымен спринттік жарыста алтын мен күмісті Ресей құрамасының мүшелері Ларьков пен Гафаров жеңіп алды. Гафаров Сочи олимпиадасына қатысушы. Әйелдер арасында жеңіске жеткен отандасымыз Слонова да Сочи трассасына шыққан спортшы. Бір қызығы, бұл сайыстардың бірде-біреуінен «аяқтарына шаңғы байлап туған» Норвегия, Швеция, Германия, Италия мемлекеттерінің өкілдерін көре алмадық. 10 шақырымдық бәсекеде жеңіске жеткен ресейлік Феллердің жасы 27-де болса, 6-ыншы орынға табан тіреген қазақстандық Величко қос бірдей ақ Олимпиадаға қатысқан тәжірибелі жігіт. Ресейлік және қазақстандық 26-27 жастағы студенттермен (егер шынымен студенттер болса) 19-20-дағы жастар бәсекелес бола ала ма? Әйелдер арасында 10 шақырымдық сында 19 жастағы норвег студенттері үздік 40 спортшының қатарына да ене алмады. Тіпті біреуі, моңғол шаңғышысынан қалып қойды. Яғни, спорттан аз да болса хабары бар адам мұның себебін жақсы түсінуі тиіс. Сондықтан, универсиаданың жалпыкомандалық есебінде Қазақстанның үздік үштікке енуіне таң қалатын түк жоқ.

Бұдан сайып келгенде спорт ұтылады. Бәсекелестік болмаған жерде нәтиже төмендейді. «Бәйгеге үш ат қосылып, үшінші орын алдық» дегендей, мұндай арзан жеңістің кімге керегі бар? Мықтылар келмеген сайысты көрермен де ынтызарлықпен көреду деу қиын. Түптің түбінде бұл турнирді қабылдаушы елдің имиджін көтермеуі, қайта түсіріп жіберуі мүмкін. Әлемдік додаларды қабылдауға қыруар қаржы жұмсалатындығын ескерсек, бұл ойланатын жағдай.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовтың айтуынша, Қазақстан үшін универсиаданың қорытындысы жақсы. «Қоржынға 11 медаль түсті. Келесі 2017 жылғы универсиада Алматы қаласында өткізілетіндігін ескерсек, байрақты бәсеке алдында бұл жоғары көрсеткіш. Әсіресе, хоккейші жігіттер жарады. Ақтық сында Ресейге жеңілсек те, жеңіске деген жігерді жоғалтпай ойын соңына дейін қатты қарсылық таныттық. Алдағы уақытта Үкімет тарапынан барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталатын болады. Әрине, жеткен жетістігімізді ешкім алып кетпейді. Осы жолы кейбір кемшін тұстарымыз да айқын көрінді. Жекелеген өңірлерде қысқы спорт түрлерін дамытуға дұрыс көңіл бөлінбей отыр. Мысалы, коньки спортынан әлем чемпионы Денис Кузинді тәрбиелеген Қостанай облысында әлі күнге жабық мұз сарайы жоқ. Егер дүниежүзілік аренада еліміздің жалауын биікте желбірететін атлеттерді дайындағымыз келсе, мұндай мәселелерді тез арада шешуіміз керек» - деді Е.Қанағатов.

Спорт шенеунігінің сөзі нақты іске ұштасса жақсы болар еді.

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ

«Алаш айнасы» интернет-порталынан

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или