Қазақстандық жасөспірім теннисші Черногориядағы турнирдің жеңімпазы атанды
<span>Қазақстандық Михаил Мищенко жұптық сында Черногорияның Улцень қаласында өткен екінші санаттағы Tennis Europe Junior Tour сериясындағы Bellevue Cup U12 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. </span>
<span>Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, аталмыш жарыста Қазақстан, Албания, Грекия, Черногория, Косово, Македония, Германия, Ресей, Болгария, Франция, Украина елдерінен 12 және одан кіші жастағы жасөспірімдер қатысты. </span>
<span>«Қазақмыс» теннис клубының түлегі, Қазақстанның 12 жасқа дейінгілер арасындағы 2-ракеткасы М.Мищенко черногориялық Вук Крстаичпен бірге қарсылас шақ келтірмеді. Финалда Михаил мен Вук сербиялықтар Филипп Джокич – Михайло Топичті тартысты матчта 2:6, 6:2, 10:8 есебімен ұтты. </span>
<span>Қазақстандық-черногориялық жұп супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды. Бұл – олардың биылғы екінші табысы. Бұдан бұрын 11 сәуірде Тиранада Tennis Europe Junior Tour сериясындағы Tirana Open U12 жарысында Мищенко мен Крстаич финалда грекиялықтар Заворгинос Атанасиос – Алкис Михалакопуласты 7:6 (7:5), 6:4 есебімен тізе бүктірген болатын.</span>