Ресми: Мейвезер шаршы алаңға оралады
Бокс аңызы, бес салмақта әлем чемпионы болған Флойд Мейвезер YouTube-блогер Логан Полға қарсы жекпе-жектің өтетінін хабарлады, деп жазады Prosports.kz сайты.
Жекпе-жек 6 маусымда Майамидегі Hard Rock Stadium кешенінде өтеді. Бастапқыда айқас 20 ақпанға жоспарланған еді, алайда коронавирус пандемиясына байланысты оны кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды.
Енді жекпе-жектің билеттері келер аптада сатылымға шығады.
43 жастағы Мейвезер (51-0, 27 КО) соңғы рет 2018 жылдың 31 желтоқсанында Жапонияда өткен RIZIN шоуында жергілікті кикбоксинг жұлдызы Теншин Насукаваға қарсы жұдырықтасты.
Бірінші раундта Мейвезер жеңіске жетті. Жекпе-жек көрме сипатында өтті, сондықтан ол спортшылардың ресми рекордына жазылмады.
Блогер Логан Пол кәсіби бокстағы алғашқы жекпе-жегін 2019 жылы өткізіп, тағы бір блогер KSI-ден жеңіліп қалды.