«Батырдың нағыз сыналар шағы келді». Танымал сарапшы Жүкембаевтың жекпе-жегі жайлы
Кәсіби бокста жеңілмеген қазақстандық Батыр Жүкембаев (18-0, 14 КО) 29 мамыр күні өзінің мансабындағы ең ауыр жекпе-жегін өткізеді. Лос-Анджелестегі Dignity Health Sports Park спорт кешенінде ол қарсыластарын тек нокаутпен жеңетін Пуэрто-Рико елінің өкілі Сабриэль Матиаспен (16-1, 16 КО) жұдырықтасады. Жеңімпаз IBF тұжырымы бойынша бірінші жартылай орта салмақ дәрежесінде чемпиондық белбеуге міндетті үміткер атанады.
Пуэрто-Риколық боксшының есімі бокстағы қайғылы оқиғалардың бірімен байланысты екенін айта кеткен жөн. 2019 жылдың шілдесінде дәл осы боксшымен жекпе-жектен кейін ресейлік Максим Дадашев миына қан құйылып, ауруханада беті бері қарамай жан тапсырған еді.
Prosports.kz журналисі отандық атақты промоутер Болат Манкеновпен бірге қазақ боксшысының алдағы жекпе-жегін егжей-тегжейлі талқылауға шешім қабылдады.
- Болат Тоқтарұлы, Батыр Жүкембаевтың АҚШ-тағы алғашқы айқасы жайлы не ойлайсыз?
- Батыр үшін керемет шайқас және жақсы сынақ болады. Жоғары деңгейлі қарсыласқа қарсы шығатыны қуантады. Жүкембаев өз командасымен осы маңызды жекпе-жекке тыңғылықты дайындалады деп сенемін.
- Пуэрто-Рико боксшысын қалай сипаттайтын едіңіз?
- Бокс әлемінде өз атын қалыптастырған, көпшілік өнерін қызыға тамашалайтын боксшы. Бұл барлық бокс жанкүйерлері асыға күткен текетірес. Меніңше, Батыр бұдан бұрын да осындай жекпе-жекке лайықты болған. Әрине, қазір оның қандай күйде екенін білмеймін, шаршы алаңға шықпағанына көп болды. Жаттығу бір бөлек, ал рингтегі жекпе-жек басқа.
- Батыр бұған дейін тек Канадада жұдырықтасты. АҚШ-та алғаш рет өнер көрсетуі қаншалықты әсер етеді?
- Оған мән берудің қажеті шамалы. Өйткені рингке тұңғыш рет шыққалы отырған жоқ. Ең бастысы - тактикалық жоспарды дұрыс таңдау және оны бүге-шүгесіне дейін дайындау. Ұзақ уақыт кәсіби деңгейде жекпе-жек өткізбегені кері әсерін тигізбесе, бәрі жақсы болады
- Сарапшылардың пікірінше, екі боксшының да мықты тұсы - шабуыл. Ашық айқас күтеміз бе?
- Шабуылдың жөні осы екен деп, жұдырық сілтей беру де керек емес. Соққы жойқын болмаса, алға ұмтыла бергеннен пайда жоқ. Оған қоса, шабуылыңды аяқтаған соң, бір орында тұрып қалмау керек.
- Яғни, мұндай қарсыласқа қарсы жекпе-жекте Жүкембаев өте сақ болуы керек дейсіз ғой.
- Әрине. Екі шебер кездескен кезде, дайындық кезінде қойылған дұрыс тактика бірінші орынға шығады. Сондай-ақ, боксшының шеберлігі, қапталдан айтылатын кеңеске дер кезінде құлақ асып, соны сәтті пайдалана білуі де - өте маңызды. Мықты боксшыға қарсы айқаста екінші жоспарың да болу керек. Жаттығуда бәрі керемет дайындықты көрсетеді, бірақ солардың көбі жекпе-жекте тактиканы 10 пайыз да жүзеге асыра алмайды. Қарсыласын өз тактикасының құрығына түсірген боксшы ғана жеңіске жетеді.
- Батырдың осал тұсы - қорғанысы деп жатады. Бұған сіз не айтасыз?
- Дәл олай кесіп айтпас едім. Себебі ол әр боксшыға әртүрлі тактика қолданады. Әрине, егер Матиас сияқты қарсыласымен қорғанысына мән бермейтін болса, бармақ тістеп қалары анық. Тәжірибелі жаттықтырушылары бар қазақстандық команда бәрін ескеруі керек деп ойлаймын.