Мәссаған! Георгий Цурцумия араға 13 жыл салып бозкілемге оралды!
Афиныдағы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Алматыда өтетін Азия іріктеу турниріне қатысады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Грек-рим күресінде ауыр салмақта біраз титул жинаған 40 жастағы Георгий Цурцумия үлкен спортқа оралады. Цурцумия Токио Олимпиадасының іріктеу турниріне қатысады, іріктеу 9-11 сәуір арасында Алматыда өтеді. Георгий соңғы рет ресми жарыстарға сонау 2008 жылы қатысып, Оңтүстік Кореядағы Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанған. Карьерасын аяқтаған соң ұлттық құрама бапкері болған.

Ол 130 келі салмақта Олимпиада лицензиясын жеңіп алу үшін үлкен спортқа оралғаны анық, жолдамаға ие болуы да мүмкін. Мұндағы басты сұрақ - Цурцумия екінші Олимпиадасына бара ма? Себебі лицензия спортшының өзіне емес, құрамаға беріледі. Әр ел Олимпиадаға қай балуанын жіберемін десе де құқылы.
Айта кетейік, Георгий Цурцумия карьерасында қатарынан төрт мәрте Азия чемпионатында (2003-2006 ж.) топ жарған, Пусандағы Азия ойындарында жеңіске жеткен. Кретейдегі әлем чемпионатында қола медаль иеленіп, Афиныдағы Олимпиада ойындарының вице-чемпионы атанған.
ҚР ҰОК мәліметінше, Цурцумиядан бөлек лицензиялық турнирге Мейіржан Шермаханбет (67 кг), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) пен Олжас Сырлыбай (97 кг) қатысады.
2019 жылы Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатында екі қазақстандық грек-рим күресінен лицензия иеленген еді:
60 кг – Мейрамбек Айнағұлов (қола)
77 кг – Асхат Ділмұхамедов (5-орын)
Жетпей тұрған лицензиялар: 67-87-97-130 кг