Қожабергенов Қазақстан құрамасының ойынына жоғары баға берді

Қожабергенов Қазақстан құрамасының ойынына жоғары баға берді

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында өз алаңында Франциядан 0:2 есебімен ұтылды.

Prosports.kz тілшісі Қазақстан құрамасының ардагері Асқар Қожабергеновтен аталған ойын жайлы пікір алды. 

- Асқар Сейдахметұлы, ұлттық құраманың ойынына қандай баға бересіз?

- Жақсы ойын болды. Франция құрамасы көп күш жұмсамай жеңіске жетті деуге болады. Олардың қандай әлеуетті құрама екенін екінің бірі біледі. Мбаппе мен Жирудың негізгі құрамда шықпағанының өзі осының айқын дәлелі. Қалай болғанда да матч өте жақсы өтті деп ойлаймын. Біздің жігіттер лайықты өнер көрсетті.

- Команда жетекшісі Бактиер Зайнтудиновтің жоқтығы білінді ме?

- Исламханды айтпаған күннің өзінде, Зайнутдинов, Шомко және Щеткиннің болмағанына қатты өкінемін. Аталған ойыншылар қатарда болса, Қазақстан құрамасы бұдан да жақсы өнер көрсетер еді. 

- Қазақстан құрамасының әлем чемпионына қарсы тактикалық ұстанымын қалай бағалайсыз?

- Менің ойымша, орталық алаңда «Тобыл» ойыншыларының үштігін шығару дұрыс шешім болды. Мұндай ойында допқа көбірек иелік етудің маңызы зор. Мужиков, Нұрғалиев және Тағыберген бұл үддеден шыға алды. Бұл команда үшін өте пайдалы болды.

- Ойын алдында жасанды төсеніш Қазақстан құрамасы үшін қолайлы болады деген болжам болды. Іс-жүзінде ешқандай артықшылық болмаған секілді? 

- Жасанды төсеніштің Қазақстан құрамасына жақсы таныс екені рас. Бірақ Франция құрамасында жоғары деңгейлі кәсіпқойлар доп тебеді. Ондай шеберлер жасанды алаңға бір жаттығудан кейін-ақ бейімделіп алады. 

- Александр Мокин Мбаппенің пенальтиін қайтарып, командасын бірнеше қауіпті шабуылдан құтқарды. Қазақстан құрамасының ардагерінен осындай ойын күттіңіз бе?

- Дәл осы жаста Қазақстанның ең үздік қақпашысы атанып отырған Мокин үлкен құрметке лайық. Әрине, кейде оның аяқпен ойнауда кемшілігі бар екені байқалды. Екінші гол Мокиннің аяқпен берген сәтсіз пасынан кейін соғылды. Дегенмен ол құрметке лайық өнер көрсетті.

- Қазақстан құрамасы енді сырт алаңда Украинамен кездеседі. Ол ойын жайлы не айтасыз?

- Қалай болғанда да, біз шеберлік жағынан қарсыластан мықты емеспіз. Финляндиямен ойында жеңісті қолдан жіберіп алған Украина құрамасы жаралы арыстанның күйін кешіп отыр. Менің ойымша, бұл ойын да Қазақстан құрамасы үшін өте қиын болады. Бірақ бізге автобус қойып ойнаудың қажеті жоқ. Тіпті Франциямен ойында да бұлай жасамаған жоқпыз. Сауатты тактикалық ойын оң нәтижеге жетуге мүмкіндік береді. Өйткені Украина Франция секілді аса қуатты футбол державасы емес.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или