Жанқош Тұраров: Бір жарым жыл рингке шықпасам да, өз бабымдамын
Мансабында бүгінге дейін бірде-бір мәрте жеңілмеген қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров (24-0, 17КО) Prosports.kz тілшісіне алдағы британдық Тайрон Маккеннаға (21-2-1, 6КО) қарсы жекпе-жек туралы айтты.
Еске салайық, қос боксшы арасындағы айқас 3 сәуірде Дубайда (БАӘ) өтеді.
«Жекпе-жекке дайындық жақсы жүріп жатыр. Бір жарым жылдан бері рингке шықпағаныма қарамастан, өз бабымдамын. Боксты сағындым деп айтсам да болады.
Бастапқыда жекпе-жек 12 наурызда өтеді деп жоспарланған, бірақ Дубайдағы карантиндік шараларға байланысты кездесуді 3 сәуірге ауыстыруға тура келді. Осы күні қазақстандық жанкүйерлерді қуантамын деп сенемін.
Тайрон Маккенна - өте тәжірибелі қарсылас. Рейтингте ол жоғары. Мен онымен «Алтын келісімшарт» турнирінде жұдырықтасуым мүмкін еді, ол әлеуетті қарсыластардың бірі болды. Бірақ мен ол жарысқа қатыспадым.
Кім мықты екенін ринг көрсетіп береді. Мен еліміздің намысы үшін күресемін. Жеңіс бізде қалуы үшін мен бәрін жасаймын. Құдай қаласа, бәрі солай болады», - деді Жанқош Тұраров.