Ангелина Лукас: UFC-ге шақырды, алайда бәрін тастап кете алмаймын

Ангелина Лукас: UFC-ге шақырды, алайда бәрін тастап кете алмаймын

Бокстан Қазақстан чемпионы Prosports.kz сайтына берген сұхбатында Токио олимпиадасының жолдамасын иелену, ММА спортындағы мансабы жайлы айтып берді. 

— Ангелина, «Странджа Кубогындағы» жүлде алуыңызбен құттықтаймын. Жарысқа дайындық қалай өтті?

— Рақмет. Дайындық Шымкентте өтті. Артынша Нұр-Сұлтан оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Бір жарым апта бойы спарринг жасадық. Содан Болгарияға дайын боп бардық. Қазір елге оралып, демалып алған соң Түркияға жол тартамыз.

Өздеріңіз білетіндей, Олимпиаданың іріктеу турнирлері өтпейді. Сол үшін халықаралық жарыстарда ұпай жинауымыз керек. Жолдама рейтингке байланысты таратылады. 

Соның ішінде Болгариядағы турнир ірі болып саналады. Ол жаққа әлемнің барлық жағынан спортшылар келді. Менің салмағымда 20-дан аса боксшы болды. Олардың арасында тәжірибелісі де, жүлде көп алғандары да бар.

— Олимпиада жолдамасын иеленуге мүмкіндігіңіз қандай?

— Маусым айына дейін халықаралық жарыстарға қатысу қажет. Сол кезде ғана олимпиадаға баруға мүмкіндік туады. Алда әр айда бір жарыста бақ сынауды жоспарлап отырмын. 

— Сіздің салмағыңызда қанша жолдама қалды?

— 51 келі салмаққа дейінгі дәрежеге тағы бес жолдама береді деп ойлаймын.

— Ерлер құрамасы АҚШ пен Кубаға барып дайындалды. Әйелдер құрамасында қандай жоспар бар?

— Қазақстан чемпионатынан соң АІВА академиясында оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Сосын Нұр-Сұлтанда дайындалдық. Биыл шетелге жиын өтпеді. 

— Ерлер құрамасымен жаттығып көрдіңіздер ме?

— Иә, болды. Қайрат Ералиев, Сәкен Бибосыновпен спарринг өткіздік. Ерлермен жұдырықтасу, әрине қиын.

— Пандемия барысында бірнеше боксшымыз кәсіби рингте бағын сынап көрді. Сізге ондай ұсыныс түспеді ме?

— Ұсыныс болды. Бірақ кәсіби боксқа ауыссам АҚШ-та үлкен кештерде жұдырықтасуды қалар едім. Бірнеше халықаралық жарыстарда жеңіске жеттім. Сол себепті деңгейім жетеді деп ойлаймын. 

— Алдағы екі-үш жылда кәсіби мансабыңызды бастау ойда бар ма?

— Қазір басты мақсатым – олимпиада мен әлем чемпионаты. Кәсіби және әуесқой боксты қатар алып жүру қиынға соғатыны анық. Әрине, әуесқой мансабыма кедергі келтірмейтіндей ұсыныс түссе келісер едім. Әзірге Олимпиада жүлдесін жеңіп, әлем чемпионатына қатысқым келеді. 

— Өзіңізге ұнайтын бес кәсіби боксшыны атасаңыз?

— Әрине, Геннадий Головкин. Тағы Мэнни Пакьяо ұнайды. Сондай-ақ Мұхаммед Әли мен Майк Тайсон секілді аңыз боксшылардың жұдырықтасқаны ұнады.

— Әйелдер боксына қарағанда ММА танымалырақ. Егер UFC-ден ұсыныс түссе келісер ме едіңіз?

— Ұсыныс болды. Мария Агапова арқылы маған хабарласты. Мен ұсынысты қарастырып көрейін дедім. Бәрінің өз уақыты келеді. 12 жылымды боксқа арнаған соң бәрін бір сәтте тастап ММА-ге ауысып кете алмаймын. 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или