«Жекпе-жекті шегеруді ұсындым». Әшкеев карьерасындағы алғашқы жеңілісінің себебін айтты
Былтыр желтоқсанда қазақстандық боксшы Мадияр Әшкеев (14-1, 7 КО) америкалық Чарльз Конуэллден (14-0, 11 КО) техникалық нокаутпен ұтылған еді. Бұл оның карьерасындағы алғашқы жеңіліс болатын.
Спортшының жеңілісіне не себеп болғанын Prosports.kz Әшкеевтің өзінен сұрап білді.
- Мадияр, алғашқы сұрағым, рингке қашан оралуды жоспарлап отырсыз?
- Әзірше білмеймін, өйткені сол жекпе-жекке дейін де денсаулығым сыр беріп жүрген. Қазір емделіп жатырмын, бәрі қалыпты жағдайға келген соң, рингке қашан оралатынымызды хабарлаймыз.
- Былтыр желтоқсанда кәсіпқой карьераңызда алғаш рет жеңілдіңіз, психологиялық тұрғыда қаншалықты ауыр болды?
- Қазір бәрі жақсы, бірақ алғашқы күндері мен өзімді өте нашар сезіндім және күйзелісте болдым, өйткені мен мұндай қарсыластан қалай ұтылғанымды түсінбедім. Әрі қарай чемпионмен жұдырықтасу жоспарымда болған, бірақ көнуге тура келді. Жеңіліс маған жаттығуға және дайындалуға одан да көп жігер берді.

- Кәсіпқой рингтегі алғашқы сәтсіздіктен кейін қандай қорытынды жасай алдыңыз?
- Сол жекпе-жекте мен артық салмақ қостым да, оны жылдам тастауға тырыстым. Мерзім қысқа болды және коронавирус жұқтырғанымды ескерсек, біраз демалып, бірден жаттығуды бастамауым керек еді. Осыған байланысты мен ағзамды қолайсыз жағдайға қойып, оны жарақаттадым. Мен өзім үшін қорытынды жасадым, сондықтан келесі жекпе-жекті басқаша қарастырамын.
- Көптеген қазақстандық сарапшы желтоқсандағы жекпе-жектен кейін сіз өзіңізге ұқсамағаныңызды, Конуеллмен жекпе-жекте әдеттен тыс жұдырықтасқаныңызды айтқан. Бұл туралы не ойлайсыз?
- Иә, командадағы жігіттер де: «Саған не болды?! Неге осылай жұдырықтастың?!» деп таңғалды. Салмақ өлшеу күні өзімді жайсыз сезіндім, ал рингке шыққанда, жағдайым бұрынғыдай емес екенін сездім. Салмақ өлшегеннен кейін қалпына келе алмадым, өйткені мен әрдайым 5-6 келі салмақ қосатынмын, бірақ бұл жолы мен бар болғаны 3 келі қостым. Бірінші раундтан бастап қолдарым шаршай бастады. Коронавирустан кейін қалпыма келе алмаған шығармын, өйткені тыныс алуда қиындықтар болды, өзім шаршамадым, бірақ қолым қимылдамады.
- Бұл жағдайда командаңыз не деді?
- Бәрі есеңгіреп қалды, өйткені олар мен жеңемін деп ойлады, дәрежем де, тәжірибем де жоғары болды. Бірақ денсаулығым жақсы болмағанын ғана білемін. Мен жекпе-жекті тоқтатып, оны тағы үш айға шегеруді ұсындым, бірақ бастапқыда жекпе-жек сәуірге жоспарланған болатын, содан кейін ол пандемияға байланысты кейінге қалдырылды, көп ұзамай мен өзім ауырып қалдым. Қазанда вирус жұқтырдым, желтоқсанда, яғни бір жарым айдан кейін өнер көрсетуіме тура келді. Маған бірден жалпы дене шынықтыруды бастау керек болды, ал боксты жақсы білетіндер бұл өте ауыр жұмыс екенін біледі.

- Қазақстандық жанкүйерлер Эгис Климаспен ынтымақтастық пен АҚШ-тағы жаттығуларын әрі қарай жалғастыра ма, жоқ па деп сұрап жатыр. Бұған қалай жауап бересіз?
- Әрине, мен бокс бапкерін ауыстырып, ең жақсы нұсқаларды іздеймін. Қазір залдар ақырындап ашылып жатыр, сондықтан соларды қарап шығамын. Климаспен жұмыс істей береміз, бірақ бізде келісімшарт жоқ, сондықтан мен кез келген уақытта кете аламын. Ол өзі ынтымақтастықты тоқтату керек деп санамайынша, біз жұмыс істейміз, өйткені менің қазақы менталитетім басқаша жасауға жол бермейді, өйткені біз келісіп, қол алысып қойдық. Промоутер туралы айтатын болсақ, 2020 жылы ол келісімшартта көрсетілгендей үш емес, тек бір жекпе-жек ұйымдастырды, бірақ бұл жерде пандемия себеп болды, сондықтан біз басқа нұсқалар табуға тырысамыз.
- Чарльз Конуеллмен реванш өткізгіңіз келе ме?
- Егер ол қаласа, әрине. Қазір ол рейтингтің топ-15 тізіміне кіреді, ал мен топ-70 қатарындамын, егер ол жұдырықтасқысы келсе, реванш алғым келеді. Менің ойымша, Конуелл келіспейді және қашқақтайды, өйткені ол менің қалай жұдырықтасатынымды біледі.
- Биыл қанша жекпе-жек өткізуді жоспарлап отырсыз?
- Main Event биыл көп дегенде екі жекпе-жек ұйымдастырады. Олай болмаса, басқа промоутерлер іздеймін. Биыл 10 немесе 12 раундтық екі жекпе-жек өткізгім келеді.