«Иранда да футболды мемлекет қаржыландырады»
Prosports.kz тілшілері Ирандағы varzesh3.com спорт басылымы бас редакторының орынбасары Бенхам Джафарзадемен эксклюзивті сұхбат жасады.
Сұхбаттың тақырыбы - Иранның жақын арада Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы, осыған орай ирандық футболшылардың қазақстандық клубтарда ойнай алады. Өйткені олар біздің елде легионер болып саналмайды.
- Иран ЕАЭО-ға кіру туралы жаңалықты қалай қабылдады?
- Менің ойымша, Иранда көптеген адамдар бұл жаңалық туралы әлі білмейді, өйткені мен достарыммен сөйлестім, бұл туралы ешкім естімеді. Бірақ адамдар бұл туралы білген кезде қызығушылық таныта бастайды.
- ЕАЭО қатарына қосылу саяси және экономикаға ғана емес, сонымен қатар спортқа да қатысты. өйткені енді ирандық спортшылар Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь және Қырғызстанда легионер болып саналмайды?
- Баста айтқанымдай, бұл ақпарат әлі кең тарала қойған жоқ. Менің ойымша, көптеген ойыншыларымыз шетелдік чемпионаттарға еш қиындықсыз ауысу мүмкіндігіне ие болғаны жақсы жаңалық ретінде қабылданады.
- Иран чемпионатында легионерлерге шектеу бар ма?
- Соңғы онжылдықтарда біздің лигада шетелдіктер көп болды. Бразилиялықтар, еуропалықтар келіп өнер көрсетті. Бірақ осы маусымда елдегі күрделі қаржылық жағдайға байланысты легионерлер азайды.
Жалпы, 4-5 легионер болуға рұқсат етілді, бірақ олардың біреуі азиялық елден болуы керек.

- Сіздің елдің футболшылары Қазақстан чемпионатына ауысуға дайын ба?
- Олардың көпшілігі өзгелерге қарағанда көп төлейтіндіктен араб клубтарына ауысуды жөн көреді. Бірақ соңғы жылдары Иран мен БАӘ арасындағы қарым-қатынас дұрыс болмағандықтан, енді көптеген ойыншыларымыз Катарға ауысып жатыр. Бұған да сол қолайлы қаржылық жағдай себеп болып отыр.
Бәрі де ақшаға байланысты. Егер клубтың ақшасы болып, жақсы жалақы төлеуге дайын болса, онда бейтаныс лигаға ауысуға ешқандай кедергі жоқ. Кейбір ойыншыларымыз Үндістан чемпионатында доп теуіп жүр. Сіздердің чемпионаттың деңгейі онша жоғары болмағанымен, жақсы жалақы төлесе, ирандық ойыншылардың баратыны сөзсіз.
- Иран клубтарындағы орташа жалақы қанша?
- Жылына 300-400 мың доллар аралығында. БАӘ және Катар клубтарындағы жалақымен айырмашылық көп емес, бірақ көптеген ирандық клубтарда қаржылық мәселелер бар. Мысалы, ойыншы келісімшартқа қол қойғанымен, клуб келісімшарттағы соманы толық төлей алмай жатады. Біздің ойыншылар шет елдерде келісімшарт бойынша барлық ақшаларын ала алатынын біледі.
- Қазақстанда кәсіпқой клубтардың барлығын дерлік мемлекет қаржыландырады. Иран командаларының жағдайы қалай?
Біздің де жағдайымыз осындай. Көптеген клубтар мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Барлық клуб болмаса да, 90%-ы солай екеніне сенімдімін.
- Иран футболының деңгейін қалай бағалар едіңіз, Қазақстанмен салыстыруға бола ма?
- Иран футболда Жапония мен Оңтүстік Кореядан кейінгі Азиядағы үшінші мемлекет деп ойлаймын.
Қазақстандық футбол туралы көп білмеймін. Есімде, жиырма жылдай бұрын алматылық клуб Азия кубогында «Персеполиспен» кездесті. «Персеполис» өз алаңында 5:0 есебімен жеңіске жетті, ал бірінші матчта алматылық клуб 3:0 немесе 4:0 есебімен жеңді. Сол матч туралы көптеген сыбыстар болды, тіпті Иран футбол федерациясы сіздер жақ төрешіге сыйлық жасап, өз командасына көмектесуге көндірді, деп мәлімдеді (Бұл жерде ирандық журналист аздап қателесті. Шындығында, 2000/01 жылғы маусымда «Қайрат» Кубок иелері кубогының ширек финалында «Эстегляль» командасымен кездесті. Алматыда 0:0 есебі тіркеліп, ал Тегеранда алаң иелері 3:0 есебімен жеңді - Prosports.kz ).
- Иран футболының қазіргі жарық жұлдызы кім?
- Мехди Тареми. Ол «Порту» сапында өнер көрсетеді. Кеше ғана ол «Боавишта» қақпасына гол соқты. Сонымен қатар, Тареми Португалия чемпионатының осы маусымдағы үздік сұрмергендер тізімінде.

- Ирандық футболшылардың басты артықшылығы мен кемшілігі не деп ойлайсыз?
- Бізде техникасы мен физикасы өте жақсы ойыншылар көп. Бірақ олардың басты мәселесі - жаңа ортаға бейімделуге уақыт қажет, өйткені олардың көпшілігі шет тілдерін білмейді. Сондықтан оларға осындай жағдайларда көмектесетін адам керек.
Авторлары: Владимир Жарков, Мағжан Мырзағали