Василий Левит: Олимпиадаға моральдық тұрғыдан дайынмын
Бокстан Олимпиада ойындарының жүлдегері Василий Левит АҚШ-та өткен жаттығу жиындарын қорытындылап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Бұл туралы бокс федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Olympic.kz хабарлайды.
«АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиыны үш аптадан аса уақытқа созылды. Негізінен жалпы физикалық дайындыққа көңіл бөлдім. Күш пен жылдамдықты арттырып, көрсеткіштерді жақсарттық. Шыны керек, жігіттермен бірге жақсы жұмыс істедік. Бұл біз үшін жақсы тәжірибе болды.
Америкаға былтыр да барғанбыз. Бірақ ол кезде жекпе-жектерге жиі көңіл бөлінді. Биылғы жаттығу бағдарламасы сәл өзгеше. Осы жиын үшін арнайы фитнесс-нұсқаушылар шақыртылды. Бізге бұл жаттығулар таныс, бірақ жиын мүлде басқа бағытта өткендіктен, өте пайдалы болғаны рас.
Қазір сол режим бойынша жұмыс істеудемін. Келесі жаттығу жиынын да асыға күтіп жүрмін. Олимпиада ойындарының өту мерзімі ауысқаны маған айтарлықтай әсер еткен жоқ. Жаттығуды үзбедім, бабымды жоғалтпадым. Олимпиада моральды тұрғыдан дайынмын. Физикалық тұрғыдан да командамен бірге дайындаламыз деген ойдамын.
Жақын арада бізді көптеген халықаралық турнир күтіп тұр. Бұл жарыстарға кімнің қатысатыны жақын арада анықталады. Жекпе-жектерді сағындым, жарысты асыға күтіп жүрмін», - дейді Левит.