Бублик Мельбурндегі турнирдің үшінші айналымына шықты
Қазақстанның бірінші, әлемнің 45-ракеткасы Александр Бублик Мельбурнда өтіп жатқан ATP 250 Great Ocean Road Open турнирінің үшінші айналымына өтті, деп хабарлайды Prosports.kz ҰОК сайтына сілтеме жасап.
Жарыстың 8-ракеткасы болғандықтан, бірден екінші айналымнан бастаған Бублик рейтингте 121-орында тұрған аустралиялық Кристофер О'Коннеллмен кездесті. Қазақстандық спортшы 23-те болса, тәжірибелірек қарсыласы одан үш жас үлкен еді. Бірінші партия тай-брейкке дейін жетіп, онда қазақстандық теннисші сәтті ойнай білді – 7:6 (7:2). Тартысты өрбіген екінші сет те тай-брейкпен бітіп, бұл жолы аустралиялық теннисші жинақылық көрсетті – 7:6 (8:6). Үшінші, шешуші партияда есеп 4:4 болған мезетте А.Бублик брейк жасады. Матчқа доп бергенде де мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:4.
Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 7 минутқа созылды. Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 71-ракеткасы, италиялық Стефано Травальямен таласады.
Жүлде қоры 382 575 АҚШ долларына бағаланған дода 7 ақпанда мәреге жетеді.