Иван Дычко: Биылғы жоспар - бокс майданына оралу

Иван Дычко: Биылғы жоспар - бокс майданына оралу

Олимпиада ойындарында екі мәрте қола жүлде еншілеген қазақстандық кәсіпқой боксшы Иван Дычко (9-0, 9КО) Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында ауыр салмақтағы бәсекелестік туралы айтып, ағымдағы жылға арналған жоспарымен бөлісті.

- Иван мырза, рингке 2019 жылдан бері шыққан жоқсыз. Жақын арада сізді шаршы алаңнан көре аламыз ба?

- Иә, рингте дүйім жұртқа көрінбегеніме бір жарым жыл болыпты. Қазір мен Флоридадамын (АҚШ), осында оқу-жаттығу жиындарынан өтіп жатырмын. Ақпанның аяғында немесе наурыз айының басында жекпе-жек өткіземін деп үміттенемін.

- Жалпы сіз үшін 2020 жыл қандай болды?

- Өткен жылды Қазақстанда өткіздім. Қостанайда және Нұр-Сұлтанда болдым. Жаттықтым. Бақытыма орай, коронавируспен ауырмадым.

- Ағымдағы жылға жоспарыңыз қандай? Қанша жекпе-жек өткізуді жоспарлап отырсыз?

- Биылғы жоспар - бокс майданына оралу, тағы бір сайысқа түсу. Бос кеткен уақыттың орынын толтырсам деймін.

- Соңғы жылдары ауыр салмақ танымалдылыққа ие болды. Мықты жігіттер көп. Кімді мұқият бақылап жүресіз?

- Бәрін бақылаймын. Жекпе-жектерін көремін, іштей сараптаймын.

- Өткен жылы ұлттық құраманың көшбасшысы Қамшыбек Коңқабаев кәсіби бокста дебют жасады. Сіз оның болашағын қалай бағалайсыз?

- Менің түсінуімше, ол бірінші ауыр салмақта жұдырықтасты. Әдетте, кәсіпқой боксқа барғанда бір салмақ төмен түсіреді. Оның шешіміне не себеп болғанын білмеймін, бірақ солай ыңғайлы болса, тіпті жақсы. Жалпы, бұл - Олимпиада алдындағы жақсы тәжірбие.

- Олимпиада ойындары осы жазда Токиода өтеді. Біздің командадан қандай нәтиже күтесіз?

- Біздің бокс командасы Штаттар мен Кубада оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Бұл бізге Олимпиада ойындарына жақсы дайындалуға көмектеседі. Команда құрамы жасарды. Бәрінің болашағы зор. Сондықтан нәтиже жақсы болады деп ойлаймын.

- Данияр Елеусінов кәсіпқой бокста айтарлықтай жетістіктерге жетті. Әлем чемпионы атағына қол жеткізе ала ма?

- Ол қазірдің өзінде IBF құрлықаралық чемпиондық белбеуіне ие. Тәжірбиелі боксшыны жеңді. Топ жарып, бәйге алуға мүмкіндігі жоғары.

- Қазақстанда кәсіпқой бокс кештері жиілеп кетті. Өз отаныңызда өнер көрсетуге қалай қарайсыз?

- Бұл жақсы үрдіс. Алматыда немесе Нұр-Сұлтанда өтетін бокс кешінде жұдырықтасқым келеді.

- Жалпы, Қазақстанда кәсіпқой бокстың дамуы қандай деңгейде?

- Елде кәсіпқой бокс жақсы дамып келеді. Промоутерлік компаниялар пайда болады, бокс кештері жиі өткізіледі. Бұрын олай емес еді. Тіпті кәсіпқой боксшыларды танымайтын да едік. Ал, қазір олар көп. Бәрі де ел аузыңда жүр. Бұл қуантады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или