Үстел теннисінен ел біріншілігі: Іріктеуден кімдер өтті
Қарағандыда үстел теннисінен өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында алғашқы 32 спортшының қатарына енген спортшылар анықталды.
Олардың қатарында жас теннисшілер өте көп. Мәселен, 11 жастағы ақтаулық Аққу Темірханова іріктеу кезеңіндегі үш ойында да жеңіске жетіп, алғаш рет ел чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алып отыр.
"Қарағандыға тәжірибелі спортшылармен кездесіп, мейілінше топтан шығу үшін келдім. Бұл мақсаттарымның бірін орындадым", - дейді ол.
Ал қарағандылық Жанерке Қошымбаева болса, осымен екінші рет ел чемпионатының финалдық бөлігіне өткен.
"Турнир кестесінде одан әрі жылжу үшін бар күшімді саламын", - дейді Жанерке.
1/32 айналымда бақ сынайтындар қатарында елордалық Малика Сандыбаева да бар.
"Ел чемпионаты кез келген спортшыға үлкен күш-жігер сыйлайтын ерекше дода. Мұндағы қарсыластар өте мықты, сондықтан, оларды жеңу оңай емес. Кезекті рет 32 спортшының қатарына ендім. Енді үздік 16 және үздік 8 теннисшінің сапынан көрінгім келеді", - дейді ол.
Айта кетелік, Қарағандыдағы ел чемпионатында командалық сын жеңімпаздары анықталды. Енді жекелей және жұптық сында жүлдегерлер есімі белгілі болады.