Ғалымбек Кенжебаев: Токиоға дайындық бүгіннен басталды
Бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Кубада бірлескен оқу-жаттығу жиынына баратын боксшыларды атады. Биылғы жылдың басты додасы - Олимпиада. Қазақ боксшылары Олимпиада тарихында 7 алтын, 7 күміс және 8 қола медальге ие болып, әлем бойынша үздік ондықта тұр. Шілде айында Ғалымбек Қалиұлының шәкірттері Жапония астанасы Токиода еліміздің туын көтеріп, әнұранымызды асқақтатар деген ойдамын.
Кубаға баратын 16 боксшы мыналар:
Махмұд Сабырхан (52 кг) мен Сәкен Бибосынов, Серік Теміржанов (57 кг), Ораз Асылкулов (52 кг), Ертуған Зейнуллиев (63 кг), ағайынды Саматәлі Төлтаев (60 кг) пен Санатәлі Төлтаев (63 кг), Абылайхан Жүсіпов (75 кг), Қуан Қуатов (69 кг), Әбілхан Аманқұл (75 кг) және Райс Нұрқанат (75 кг), Ермахан Жақыпбеков (75 кг), ағайынды Нұрбек Оралбай (81 кг) мен Айбек Оралбай (91 кг) және Сағындық Тоғамбай, Нұрлан Сапарбай (+ 91 кг жоғары).
- Ғалымбек Қалиұлы, Кубада оқу-жаттығу жиыны неше күнге дейін болады?
- Кубаға 13 қаңтарда жол жүріп, екі аптадай Куба құрамасының боксшыларымен бірге жаттығып, спарингтер өткіземіз. Менімен бірге Ұлттық құраманың жаттықтырушылары Мырзағали Айтжанов, Нұрлан Ақұрпеков және Асқар Еркебаевтар барады.
- Ұлттық құрама боксшылары алдағы Токио олимпиадасынан басқа қандай жарысқа қатысуы мүмкін?
- Кубаға барып келгесін тағы да оқу-жаттығу жиыны өтеді. Алматыға шетелдерден боксшылар шақырып жатырмыз. Біздің елге Англиядан боксшылар келеді. Басқалары әзірге белгісіз... Еуропаның біраз елдерінде ақпан мен наурыз айларында халықаралық жарыстар бар. Сол жарыстарға жігіттерді қатыстырамыз. Бірінші, екінші және үшінші нөмірлі боксшылар да жарыстарға барып бақтарын сынайды. Сонымен, Токиоға дайындық бүгіннен басталды.
- Жедел сұхбатыңызға рахмет! Сәттілік тілеймін!
P.S: Айта кетейік, бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Токио олимпиадасының мүмкін болған 8 жолдамасының барлығын жеңіп алған.
Айбек МҰХАНОВ