«Елеусінов Индонгоның деңгейіндегі боксшымен әлі кездескен жоқ»
Бірінші жартылай орта салмақта үш нұсқа бойынша (IBF, IBO және WBA (Super)) бұрынғы әлем чемпионы, намбиялық боксшы Джулиус Индонгоның менеджері әрі жаттықтырушысы Иммануэль Мозес қазақстандық Данияр Елеусіновке қарсы жекпе-жек жайлы ойын айтты, деп жазады Prosports.kz.
Namibian.com сайтында берген сұхбатында ол алдағы жекпе-жек туралы пікірін ортаға салды.
Индонгоның дайындығы туралы
«Бұл жекпе-жек сәуір айында өтуі керек еді. Бірақ коронавирус пандемиясына байланысты кездесуді кейінге қалдыруға тура келді. Осы уақыт аралығында Джулиус Алабама штатының Тускалуза қаласындағы Sky Boxing Gym залында жаттықтырушы Джей Диаспен бірге жаттығады. Мен оны керемет бабында деп айта аламын».
Данияр Елеусінов туралы
«Ол болашағы зор боксшы. Әуесқой бокста керемет жетістікке жетті. Кәсіпқойда да жеңіліске ұшыраған жоқ. Бірақ ол ешқашан Индонгоның деңгейіндегі боксшымен жұдырықтасқан емес. Бұл оның алғашқы сынағы болады».
Индонгоның жартылай орта салмақтағы дебюті туралы
«Бұл оған тек пайда әкеледі. Бірінші жартылай орта салмақта салмақ тастауға тура келді. Енді ол өзін жайлы сезінеді. Оның үстіне жартылай орта салмақ үшін оның бойы өте ұзын. Сондықтан біз жаңа салмақта жетістікке жете аламыз».
Индонгоның болашағы туралы
«Джулиус алдағы шайқаста жеңіске жетуі керек. Бұл оған 37 жасында чемпиондық жекпе-жек өткізу үшін керемет мүмкіндік. Елеусіновті жеңу оған бірнеше ірі жекпе-жек өткізуге, тіпті чемпиондық жекпе-жекке шығуға мүмкіндік береді».
Айта кетейік, Индонго мен Елеусінов арасындағы кездесу 27 қарашада Флоридада (АҚШ) өтеді. Бұл жекпе-жекте жартылай орта салмақтағы IBF Inter-Continental титулы сарапқа салынады.