Ғалымбек Кенжебаев: Боксшылардың жеңісі Токио қарсаңында күш береді

Ғалымбек Кенжебаев: Боксшылардың жеңісі Токио қарсаңында күш береді

Бокстан Қазақстан командасының мүшелері Бекзад Нұрдәулетов пен Абылайхан Жүсіпов кәсіби бокстағы алғашқы кездесулерін жеңіспен аяқтады. Індетке байланысты әуесқой бокс бәсекелері тоқтатылған соң, Олимпиадаға дайындықты күшейту мақсатында спортшылар кәсіби бокста бақ сынай бастаған. Осы орайда, команда бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев спортшылардың аяқ алысына баға берді.

"Әлемдегі індетке байланысты жағдайлар үлкен спортты айналып өткен жоқ. Біздің боксшылар Иорданияда өткен Азия аймақтық іріктеу турнирінен кейін қандай да бір жарысқа қатыспады. Оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырдық. Бірақ спортшыларға жұдырықтасу тәжірибесі аса қажет.

Олимпиада ойындарының басталуына бір жылдан аз уақыт қалды. Сондықтан, босаңсуға болмайды. Әуесқой боксшылар үшін кәсіби боксқа да жол ашылды. Бүгінде 15 кездесуге дейін өткізуге рұқсат етілген. Осы мүмкіндікті пайдаланып, біз де жігіттерді аламанға қосайық деп шештік.

Бекзад Нұрдәулетов пен Абылайхан Жүсіпов африкалық боксшылармен қолғап түйістірді. Екеуінің де қарсыластары қарымды. Африкалықтар физика мен күш жағынан мықты келеді. Оның үстіне, кәсіби бокста бірнеше кездесу өткізіп үлгерген.

Десе де, Абылайхан Жүсіпов алты раундтық жекпе-жек өткізіп, қарсыластан техникалық және тактикалық тұрғыдан басым болды. Мұндай кездесулер Абылайханға өте қажет. Ол алты раундқа шыдас бере алатынын көрсетті.

Ал Бекзад Нұрдәулетов өз салмағының көшбасшысы екенін тағы дәлелдеді. Қарсыласын сол қолының соққыларымен сұлатып түсірді. Бірінші раундта нокдаунға жіберсе, екінші раундта қарсыласы есінен танып қалды. Нокаут.

Жігіттердің алғашқы қадамы жаман емес. Бұл кездесулер Токио Олимпиадасына дайындық кезеңінде біз үшін ауадай қажет. Енді боксшылар қараша айында Шымкентте өтетін Қазақстан біріншілігінде бақ сынайды", - дейді бас бапкер. 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или