Ғалымбек Кенжебаев: Ұлттық құрама ел чемпионатына сақадай сай
Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев боксшылар Шымкентте өтетін ел чемпионатына сақадай сай екенін айтты.
– Спортшылар жақсы бабында. Оқу-жаттығу жиыны кезінде барлық санитарлық талапты сақтадық. Сырқаттанып, ауырған ешкім жоқ. Барлығы жекпе-жек өткізуге асығып отыр. Қазір жарыс өткізу біз үшін маңызды.
Ерлер командасы екі оқу жаттығу жиынын өткізген, қорытынды жиын бір айға созылды. Чемпионаттың нәтижесіне қарай құраманы жаңартамыз, командаға жаңа боксшылар қосылады.
Желтоқсаннан бастап шетелге жиындар мен турнирлерге шығуға рұқсат етіледі деп үміттенемін, - дейді ерлер құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев.
Елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақтала бастағанда ұлттық құрамаларға оқу-жаттығу жиынын өткізуге рұқсат берілген. Ерлер мен әйелдер командалары жазда және күзде Алматы облысында бірнеше оқу-жаттығу жиындарына қатысты.