Қамшыбек Қоңқабаев: Әлемдік промоутерлерден ұсыныс түсіп жатыр
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, жақында кәсіпқой боксқа ауысып, тәжірибелі Иса Ақбербаевты нокаутпен жеңген Қамшыбек Қоңқабаевтан Prosports.kz тілшісі сұхбат алған еді.
- Қамшыбек, MTKKazakhstanменеджерлік компаниясы ұйымдастырған бокс кешінде жеңіске жеттің. Кездесу неге бар-жоғы екі раундқа ғана созылды? Жанкүйер басқа бокс күткен.
- Ең алдымен, жеңісіме шүкірлік етемін. Одан кейін үйде отырып тақым қысқан жанкүйерлеріме рахмет! Негізі сегіз раунд бойы жұдырықтасамын деп, өзімді психологиялық тұрғыда дайындап келдім. Уақытынан бұрын жеңіске жету бұйырып тұр екен.
- Әуесқой бокс пен кәсіпқой бокстың айырмашылықты cезіне алдың ба?
- Аса бір ештеңе сезіле қоймады. Екі бокстың да өзіндік ерекшеліктері бар. Жаттығулары, уақыты жағынан айырмашылық болмаса, рингке шыққан соң, өзіміздің жұмысымызды істейміз.
- Мамандар Ақбербаевпен болған жеке-жекті соңына дейін созу керек еді дегенді айтты, оған сенің көзқарасың қандай?
- Өзім де солай болар деп ойлағанмын. Әлгінде айттым осылай бұйырып тұр екен. Әйтпесе Иса да оңай шағыла қояр жаңғақ емес қой.
- Кәсіпқой бокста тәжірибесі мол Исаның мықты тұсы қандай екен?
- Исаны жанкүйер қауым жақсы біледі. 20-дан астам жекпе-жек өткізген, аса тәжірибелі, әлемдік рейтингте жүздікте жүрген спортшы. Оның мықтылығы – тәжірибесі мен кәсіпқой рингті сезінуі. Дегенмен бапкерлердің айтқанын тыңдап, сауатты қимылдаудың арқасында жеңіске жеттім.
- Елдегі карантин жағдайы жаттығу барысына қалай әсер етті?
- Жарты жылдан асты үйреніп қалдық. Бастапқыда залдар жабық болып, аздаған қиындыққа тап болғанымыз өтірік емес. Мұндайды бұрын-соңды кім көрген?! Бірақ әр нәрсенің бір қайыры бар деген, бұған да бейімделіп алдық. Спорттық бабымызды қалпына келтірдік қой.
- Токио Олимпиадасының бір жылға кейінге шегерілуі жайлы не айтасың? Кейбір спортшылар жақсылап дайындалып аламыз дегенді айтады.
- Жеке менің көзқарасым мынадай төртжылдықтың кейінге қалғаны расында да өзіңді әлі де шыңдай түсуге берілген мүмкіндік іспеттес. Бәлкім биылдан мықты болып барамыз деп ойлаймын.
- Токио Олимпиадасынан кейін кәсіпқой боксқа біржола ауысу ойда бар ма?
- Негізі менің бір ғана мақсатым бар, ол Токио Олимпиадасының алтынын алу. Маған кәсіпқой боксқа ауысуға мүмкіндік берген Қазақстан әуесқой бокс федерациясы мен МТК Global компаниясына айтар алғысым шексіз. Екі боксты қатар алып жүрудің пайдасын көріп қалармыз. Кәсіпқой рингтегі тәжірибем Токиода көмектесер деп үміттеніп отырмыз
- Әлемдік мықты промоутерлік компаниялар дәл қазір тиімді шартпен сені шақырса қалай қарар едің?
- Әлемдік промоутерлерден ұсыныс түсіп жатыр. Дей тұрғанмен, МТК Global компаниясын таңдап отырмыз.