Спорт жаңалықтары
Бокс

Олимпиадада олжа салу үшін. Қоңқабаев кәсіпқой рингтегі алғашқы кездесуін өткізеді

Олимпиадада олжа салу үшін. Қоңқабаев кәсіпқой рингтегі алғашқы кездесуін өткізеді
news-banner7
mobile-news-top

Алматыда MTK Kazakhstan промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен карантиннен кейінгі алғашқы бокс кеші өтеді, деп жазады Prosports.kz.

Аталған бокс кеші 23 тамызда көрерменсіз өтеді. Танымал boxrec сайтының мәліметіне сүйенсек, жекпе-жектер «М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында» өтетін көрінеді.

Кештің басты жекпе-жегінде әуесқой бокстан ұлттық құрама капитаны, әлем чемпионаты мен Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев өнер көрсетеді. Оның кәсіпқой рингтегі алғашқы қарсыласы - аса тәжірибелі боксшы Иса Ақбербаев (20-1, 15 КО).

Негізгі жекпе-жекте қазақстандық Виктор Коточигов (11-0, 4 КО) беларусьтік Андрей Исаевпен (30-17, 9 КО) кездеседі.

Бокс кешінде аталған екі кездесуден бөлек Абай Төлеш, Рай Сейтжанов, Сапарбай Айдаров, Нұртас Әжбенов, Нұрдос Төлебай, Али Балоев, Сағадат Рахманқұлов, Нұржан Мақашбаев, Талғат Біртілеуов қатарлы қазақстандық былғары қолғап шеберлері өнер көрсетеді.

Сонымен қатар Қоңқабаев секілді әуесқой бокста жетістікке жетіп, құрамада болған Тұрсынбай Құлахмет, Талғат Шәйкен де кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесулерін өткізеді.

Қамшыбек Қоңқабаев тамыз айының басында ғана кәсіпқой боксқа ауысқан болатын. Бірақ ол кәсіпқойға біржола бет бұрған жоқ. Өзінің айтуынша, басты мақсат - кәсіпқой рингте бірнеше жекпе-жек өткізіп, Олимпиада ойындарының алдында тәжірибе жинақтау. Бұл туралы боксшы Facebook желісіндегі жеке парақшасында мәлімдеген.

- Ассалаумағалейкум, Қазағым! Қазақстан әуесқой бокс федерациясы мен бокстан Қазақстан Ұлттық құрама командасының бас бапкері Кенжебаев Ғалымбек Қалиұлының қолдауымен мен өзімді кәсіпқой бокста сынауға шешім қабылдадым.

MTK Global компаниясы маған Токиода болатын Олимпиада ойындарына дейін кәсіпқой бокста бірнеше жекпе-жек өткізуіме мүмкіндік беріп отыр. Бұл шешімімнің басты мақсаты - Олимпиада ойындарына дейін тәжірибе жинақтап, кәсіпқой бокстан әуесқой боскқа керек дүниені үйреніп, мықтырақ болып, Олимпиада шыңын бағындыру.Елдің үмітін, бігінгі күнге дейін Олимпиада ойындарына дайындап келе жатқан бапкерлеріміздің маған қойған үмітін ақтау.

Додалы жарысқа дейін бірнеше жекпе-жек өткізіп тәжірибе жинақтауыма, бұл шешім оң нәтижесін беретініне сенімдімін! Ұлттық құраманың капитаны ретінде, барша команданың атынан, бізге қолдау білдіріп, бізбен бірге болғандарыңызға алғыс айтамын, - деп жазған еді боксшы.

Олимпиадада олжа салу үшін, кәсіпқой бокста тәжірибе жинауды мақсат тұтқан Қоңқабаев тәжірибелі Иса Ақбербаевпен жұдырықтасады.

Ақбербаев рингке өткен жылдың 2 қарашасында шыққан болатын. Жерлесіміз Екатеринбургте өткен бокс кешінде ресейлік Евгений Тищенкодан (7-0, 5 КО) жеңіліп қалған болатын. Евгений Тищенко да қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Ол 2016 жылы Олимпиада ойындарының финалында Василий Левитті даулы жағдайда жеңген еді.

Қамшыбектің әуесқой бокста жеткен жеткен жетістігі аз емес. +91 келіде әлем чемпионаты мен Азия чемпионатында екі мәрте күміс медаль алған. Бірақ ескі қарсыласы өзбекстандық Баходир Жалоловқа есесі кетіп жүр. Өзбек боксшысы кәсіпқой бокста бірнеше жекпе-жек өткізіп үлгерді. Қамшыбек кәсіпқой бокста шыңдалған осы қарсыласына қарсы дайындалу үшін де осы қадамға (кәсіпқойға) барған болуы мүмкін.

Бұл кеште әуесқой бокстан кәсіпқойға жақында ауысқан тағы екі боксшымыз жекпе-жек өткізеді.

Тұрсынбай Құлахмет: Мадримовпен өткен кездесу финалдық жекпе ...

75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Тұрсынбай Құлахмет кәсіпқой боксқа биыл жыл басында ауысты. 2019 жылы алдымен Азия чемпионатында, кейін ҚР Президенті кубогында қарсылас шыдатпаған Тұрсынбай Екатеринбургте өтен әлем чемпионатында филипиндік Эумир Марсьяльдан жартылай финалда жеңілді. Осыдан кейін 75 келінің тізгінін қайтадан қолына алған Әбілхан Аманқұл Олимпиадаға іріктеу турнирінде күміс медаль алып, Токиоға жолдама иеленді. Сөйтіп, Олимпиадаға бару мүмкіндігінен айырылған Құлахмет кәсіпқой боксты таңдады. Енді Алматы төрінде дебюттік жекпе-жегін өткізгелі отыр.

19 жастағы жас боксшы Талғат Шәйкен де кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Талғат - 2018 жылы Аргентинада өткен Жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдегері, жастар арасындағы Азия чемпионы. Сонымен қатар, Венгриядағы халықаралық турнирде және Нұр-Сұлтандағы Президент Кубогында жүлдегер атанған.

Алматыдағы бокс кешіне қатысатын жұптар:

Қамшыбек Қоңқабаев пен Иса Ақбербаев (20-1, 15 КО)

Виктор Коточигов (11-0, 4 КО) пен Андрей Исаевпен (30-17, 9 КО)

Сағадат Рахманқұлов (6-1-0) пен Тұрсынбай Құлахмет (debut)

Талғат Біртілеуов (0-1-0) пен Рай Сеитжанов (2-0-0)

Берікбай Нұрымбетов (5-0-0) пен Талғат Шәйкен (debut)

Нұржан Мақашбаев (0-0-2) пен Нұрдос Төлебай (2-0-0)

Сапарбай Айдаров (4-0-0) пен Абай Төлеш (5-0-0)

Али Балоев (9-0, 7 КО) пен Юрий Быховцев (10-19-3, 5 КО)

Нұртас Әжбенов (9-0, 4 КО) пен Шавкат Халилов (7-2, 1 КО).

(Соңғы сәтте Нұртас Әжбенов - Шавкат Халилов кездесуінің өтпейтіні белгілі болды. Өзбекстандық боксшы қазақ-өзбек шекарасынан өте алмағандықтан жекпе-жек күшін жойды).

Айта кетейік, бокс кешінің тікелей трансляциясы Нұр-Сұлтан уақытымен 20:00-де басталады. Оны QAZSPORT телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер