Еділ Қожамбердиев: Кезекті жекпе-жекке дайынмын

Еділ Қожамбердиев: Кезекті жекпе-жекке дайынмын

Қазақстандық ауыр салмақтағы боксшы Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында Алматыдағы алдағы жекпе-жек туралы айтты.

- Еділ, кезекті жекпе-жекке дайындық қалай жүріп жатыр? Пандемия кезінде жаттығу жасау қаншалықты қиын?

- Дайындық жақсы өтті. Жекпе-жекке үш күн қалды, мен өзімді жақсы сезінемін. Бұл жаттығу көшеде, спорт алаңдарында болғандықтан аздап қиынға соқты. Соған қарамастан біз жақсы жаттықтық және жекпе-жекке дайынбыз.

- Сіздің келесі қарсыласыңыз - Өзбекстандық Мухутдин Раджапбаев. Сіз оның жекпе-жегін зерттеп көрдіңіз бе?

- Біз бапкеріміз екеуміз оның бірнеше жекпе-жегін көрдік. Жақсы боксшы, оңқай екен.

- Келесі жекпе-жектің форматы туралы айтыңызшы: неше раундқа созылады және бәске не тігіледі?

- Жекпе-жек он раундқа созылады. Азияның WBC және WBA чемпиондық белбеулерін иелену үшін жұдырықтасамыз.

- Алматыдағы алдағы бокс кеші көрерменсіз өтеді. Біз залда жанкүйерлерді қашан көре аламыз деп ойлайсыз?

- Өкінішке қарай, алдағы бокс кеші көрерменсіз өтеді. Әрине, олар бізге қолдау, мотивация береді, бірақ қазір әлемдегі жағдай сондай - жекпе-жектер көрерменсіз өтіп жатыр. Бокстың жанкүйерлері келесі жылдың басынан бастап бокс кештерін өз көздерімен тамашалай алады деп үміттенемін.

- Егер келесі кездесуде жеңіске жетсеңіз, жылдың аяғына дейін тағы қанша айқас өткізуді жоспарлап отырсыз?

- Дәл қазір тек осы жекпе-жекті ғана ойлап отырмыз. Құдай қаласа, бәрі ойдағыдай болса, жыл соңына дейін тағы бір кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз.

Еске сала кетелік, Қожамбердиев (9-2, 9КО) мен Раджапбаев (12-7-1, 8КО) арасындағы жекпе-жек 24 тамызда Алматыда өтеді. Бокс кешін Tukeshov Boxing.промоутерлік компаниясы ұйымдастырады.

Айта кетейік, аталған бокс кешінің бас серіктесі - Parimatch букмекерлік компаниясы.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или