Еркебұлан Шынәлиев: Бокстағы ғұмырыма еш өкпем жоқ

Еркебұлан Шынәлиев: Бокстағы ғұмырыма еш өкпем жоқ

Еркебұлан Шынәлиевтің есімі бізге алыста қалған Бейжің Олимпиадасын еске түсіреді. 2008 жылы Қытайда өткен ойындарда Шынәлиев бокстан қола жүлдегер атанған болатын. Оның жартылай финалда қытайлық Чжан Сяопинмен өткен жекпе-жегінің қорытындысы әлі күнге дейін күмән тудырады. Десе де, тарих қойнауына кеткен ойын нәтижесін қайта өзгертетін құзырымыз жоқ. Ал Еркебұлан әлем чемпионаты мен Олимпиаданың қола медалін алып, үлкен спорттан алыстап кетті. Olympic.kz осыдан 12 жыл бұрын Бейжің шаршы алаңында атой салған боксшы сұхбатын назарларыңызға ұсынады. 

- Еркебұлан, сіздің Олимпиада жүлдегері атанғаныңызға да 12 жыл толыпты. Осы уақыт аралығында өміріңізде қандай өзгерістер болды? Кәсіби спорттан қол үзген соң, қай салада бақ сынап жүрсіз?  

- Үлкен спорттағы сапарым ұзаққа созылған жоқ. Десе де, өзіме тиесілі жүлдемді алдым. Бейжің Олимпиадасы аяқталған соң баяғы қалпыма келе алмадым. Спорттық бабыма ену қиынға соқты. Салмағым өсіп кетті, бала күнімдегі саусағымның жарақаты жиі сыр берді. Ойлана келе, бокспен қоштасамын деп шештім. Ал Олимпиада ойындарынан кейін көп нәрсе өзгерді. Бейжіңнен оралған бетте үйленіп, шаңырақ көтердім. Бүгінде бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Бокстан кетсем де, спорттың маңынан алшақтағаным жоқ. Бүгінде өзім туып-өскен ауылда спорт мектебі директорының орынбасары қызметін атқарамын. Одан бөлек, 10-15 жас аралығындағы жас дарындарға бапкер ретінде нұсқау көрсетемін. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі өміріме өкпем жоқ. 

- Десе де, сізді спорттан ерте кетті деп сынайтындар көп. Тағы бір Олимпиадаға қатысатындай шеберлігіңіз де, уақытыңыз да бар еді...

- Әрине, спорттан ерте кеткенімді мойындаймын. Бейжің Олимпиадасынан оралған соң, жаттығуға атүсті қарағаным рас. Бір апта залда дайындалып, екі жеті демалатын кездерім болды. Өзімді жинай алмаған сияқтымын. Оның үстіне, бала күнімнен бері қолымның жарақаты мазалайтын. Нақтылап айтар болсам, соққыны дұрыс жасамағанның салдарынан екі саусағым дұрыс бітпей қалған. Қолымды емдетемін деп те көп уақыт жоғалттым. Мені орта жолдаy жібергісі келмей, келесі Олимпиадаға қатыс деп қамшылаған бапкерлерім де, жанашырларым да көп болды. Бірақ 2010 жылы Әзірбайжанда өткен халықаралық жарыстан соң бокстан біржола кетемін ұйғардым. Бір кездесуде ұтып, екіншісінде жеңілген едім. Сол жарыста салмағым да 89 келіге дейін өсіп кетті. 81 келіге дейін салмақ қуу оңай емес. 

- Сізде Лондон Олимпиадасына баратын мүмкіндік көп болды. Жеке бапкеріңіз Мырзағали Айтжанов сол жылдары ұлттық құрама тізгінін ұстаған болатын. Қаншама боксшы бас командаға енуді армандайды. Ал сіз бар мүмкіндіктен бас тартқандайсыз...  

- Шыны керек, ұлттық құрамаға қабылдана алмаған қаншама спортшы бар? Оның қасында, маған елімнің намысын қорғап, әлемдік додаларға қатысу  бақыты бұйырды. Бұған шүкірлік етемін. Бапкерім Мырзағали Айтжанов менің Лондонда топ жаратыныма сенген еді. Ең соңына дейін мені жібергісі келмей, бар ақылын айтты. Жігерімді жани түсті. Ол ешқашан сабырлы қалпынан таймаған кісі ғой. Мені командада алып қалу үшін барынша тырысып бақты. Бірақ соңғы шешімді өзім қабылдадым. Кейін кәсіби боксқа бет бұрамын деп ойлағанмын. Шетелдерден ұсыныс түсті. Алайда, гонорарды келісе алмаған соң, бұл жоспарды да жылы жауып қойдым.   

- Енді осыдан 12 жыл бұрынғы Олимпиада естелігімен бөліссеңіз. Бейжің бәсекесін ойлағанда ең бірінші қандай оқиғалар еске түседі?  

- Олимпиадаға қатысу үлкен бақыт. Бейжіңнен кейін мен осыны ұқтым. Олимпиада ойындарының рухы бөлек. Тіпті, сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мәселен, 2007 жылы Чикагодағы әлем чемпионатына қатыстым. Әлемдегі ірі бокс турнирі болса да, мұндағы қобалжу мен мұндағы атмосфераны Бейжіңмен салыстыру мүмкін емес. Шаршы алаңға беттеп келе жатқанда-ақ арқаң қозып, рухың тасып, жігерлене түсенесің. Мұндай сезімді тек Олимпиадада ғана сезінген шығармын. 

Ал жекпе-жектерге келер болсам, жартылай финал шынымен де көңілге көп күдік қалдырды. Қытайлық боксшымен тең түстім дей алмаймын. Қорытынды есеп 4:4 болып аяқталды. Сол кездегі бокс ережесі бойынша, тең айқастан соң соңғы соққыны жұмсап, соңғы ұпайды алған боксшы жеңімпаз атанады. Мен 3:4 есебімен жеңіліп жатып, есепті теңестірдім де, ең соңғы ұпайды алдым. Бірақ төрешілер бәрібір қарсыластың қолын көтерді. Қазылардың қанша соққымды есепке алмағанын айтпағанның өзінде, жеңіс менікі еді. Амал жоқ, шешім сондай болды. Сол сыннан кейін ресейлік Олимпиада чемпионы Александр Лебзяк келіп, бапкерлерге біраз ақылын айтқан. Қарсы шағым түсіріңдер деп те біраз үгіттеді. Алайда, жаттықтырушылар мұндай тәуекелге барған жоқ. Мен де жастықтың әсерімен бұған аса мән бермедім.   

- Бір қызығы, сол қытайлық боксшыны сіз АҚШ-тағы әлем чемпионатында ойсырата жеңген едіңіз...  

- Иә, бір жыл бұрынғы әлемдік сында Чжан Сяопинді 23:5 есебімен ұтып алғам. 18 ұпай айырмашылығымен жеңген соң, Олимпиада кезінде өзіме деген сенімділік басым болған шығар. Ал финалда қытайлық боксшымен кездескен Ирландия өкілі Кеннат Иганды ойын қарсаңындағы бірлескен жаттығу жиынында бет қаратпай ұттым. Екі рет нокдаунға жіберіп, өзіме мүлде соққы алмағаным есімде. Дегенмен, бұл үлкен спорт. Спортта бәрі біз ойлағандай бола бермейді.   

- Сіздің салмағыңыз бос қалған жоқ. Кейін Әділбек Ниязымбетов екі Олимпиадаға қатысты. Жас дарын Бекзад Нұрдәулетовтің де қарқыны жаман емес. Қазіргі құрама боксшыларын бақылап тұрасыз ба?

 - Әрине, бокстағы барлық әріптестеріммен, командалас жігіттермен, бапкерлеріммен жақсы қарым-қатынастамын. Көрген жерде сәлеміміз түзу. Әлем чемпионаты, Азия және Олимпиада ойындарын да қадағалап отырамын. Боксшыларымыздың бүгінгі жетістігі қуантады. Мәселен, Әділбек Ниязымбетов мен құрамада жүргенде 69 келіде жұдырықтасатын. Кейін 81 келіге ауысып, ел намысын екі Олимпиадада абыроймен қорғады. Ал жақында ғана жұлдызы жанған Бекзад бауырымнан үлкен үміт күтемін. Былтырғы әлем чемпионатында Ла Крузбен өткен кездесуі жоғары бағаға лайық. Тіпті, сол жекпе-жекке беттеп бара жатқанда-ақ Бекзадтың мінезді екенін білгем. Бауырыма Токио Олимпиадасында тек сәттілік тілеймін. 

- Ұл-қызыңызды спортқа баулып жүрсіз бе? Әке жолын жалғайтын чемпион шығып қалар...  

- Қызым алты жаста. Екі жылдан бері үлкен тенниске қатысып жүр. Кішкентайынан бокс қолғабын көріп өскесін, ол да боксты таңдаған. Бірақ анасымен ақылдаса келе, тенниске беруді жөн көрдік. Бүгінде үлкенді-кішілі жарысқа қатысып, жүлде алып жүр. Екі жасар ұлым футболға қатты құмар. Өзім де футбол десе бәрін ұмытатын адаммын. Алғашында боксқа емес, теңбіл допқа аңсарым ауған. Алайда, ауылда жөнді футбол үйірмесі табылмады. Әкем де бокс жанкүйері болған соң, мен шаршы алаңға бағыттапты.  Бокстан қол үзген соң, бар ынтаммен футболды қолға алдым. Бүгінде өзімнің «Шоқай» атты әуесқой командам бар. Сол клубта доп тебемін. Бала кезімнен «Челси» мен «Баварияның» фанатымын. Тіпті, үшінші класқа көшкен жылы алғашқы қоңырауға ақ көйлек, қара шалбар кимей, «Челси» клубының формасымен барғанмын. Сол кезде барлық мұғалімдер менің ұсқыныма таңырқай қараған (күлді). Футболға деген махаббатымды осыдан-ақ көрсеңіз болады. Байқасаңыз, әлі күнге дейін спорт шеңберінен шыққаным жоқ. Ал бокстағы несібеме ризамын, еш өкпем жоқ.   

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Ақырыс Сейтқазы

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или