Ғалымбек Кенжебаев: Қоңқабаев кәсіби бокста бір кездесу өткізеді

Ғалымбек Кенжебаев: Қоңқабаев кәсіби бокста бір кездесу өткізеді

<span>Қазақстан командасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев кәсіби боксқа ауысып, арнайы компаниямен келісімге келді. Бұл жаңалық көптеген спорт жанкүйерлері үшін тосынсый болғаны анық. Себебі, Қамшыбек Амманда өткен лицензиялық турнирде Токио Олимпиадасына жолдама алған болатын. Осы орайда, команда бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев мәселенің мән-жайын Olympic.kz оқырмандарына түсіндіріп берді. </span>

<span>«Бұл жағдайдан біз хабардармыз. Бірден айтайын, Қамшыбек кәсіби бокста бір жекпе-жек қана өткізеді. Кейін ол ұлттық құрама қатарында қосылып, Токио Олимпиадасына дайындалады. Әуесқой боксшылардың кәсіби боксқа бет алуы жиілеп кетті... Негізі, бәрінің командада болғаны дұрыс. Өйткені, олардың ең басты міндеті – Олимпиада ойындары. Олимпиадаға қатыса алмайтынын білгендер кәсіби боксқа ауысуға асығуда. Бек Нұрмағанбет бар, Талғат Шайкен бар. Бірақ Қамшыбектің жағдайы басқаша. Ол жасы толысқан, тәжірибелі боксшы. Қазіргі індет кезінде бос отырмай, жекпе-жек өткізу туралы шешім қабылдапты. Ал жалпы алғанда, ол Қазақстан командасының негізгі құрамында Олимпиадаға дайындалады. Жоспар бойынша жұмыс істейді. </span>

<span>Әрине, біз оны бақылауда ұстаймыз. Тағы да қайталап айтамын, қазіргі басты міндет – Олимпиада ойындары. Боксшылардың көпшілігі қазір әуесқой және кәсіби боксты қатар алып жүр. Өзбекстан, Ресей боксшылары, әсіресе...  Қоңқабаевты біз бақылауда ұстаймыз. Жас боксшыларға келер болсақ, біз оларды ұлттық құрамада қалдыруға тырысамыз. Әуесқой бокс пен кәсіби бокстағы дайындық деңгейі екі бөлек екенін ескеру керек. </span>

<span>Сол себепті, біздің мақсатты түрде Олимпиада ойындарына арнаған жаттығуымызды құрбан ете алмаймыз. Жастар әуесқой бокста тәжірибе жинауы қажет. Оларға кәсіби боксқа кетуге асықпаңдар деп жиі айтамын. Әуелі әуесқой бокста өз әлеуетіңді көрсет. Қамшыбекке де қазір мықты қарсыласпен шығудың қажеті жоқ. Кәсіби боксқа әлі үйренген жоқ ол. Бәрін бақылауда ұстаймыз. Өйткені, Олимпиада ойындарына біздер жауаптымыз», - дейді бас бапкер. </span>

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или