Қытайда WTA турнирлері өтпейтін болды
2020 жылғы күнтізбеге сай, Қытайда өтеді деп жоспарланған жеті бірдей WTA турнирі өтпейтін болды, деп жазады Prosports.kz.
Коронавирус пандемиясына байланысты Қытайдың Бас спорт дирекциясы 2020 жылы ешқандай халықаралық спорт жарыстарын өткізбеу туралы шешім қабылдаған. Сол қатарда WTA турнирі де өтпейді.
Осылайша қазан айында өтуі тиіс Пекин, Ухань, Наньчан, Чжэнчжоу турнирлері, сондай-ақ Шэньчжэндегі финалдық турнир, қараша айында Чжухай мен Гуанчжоуда өтеді деп жоспарланған жарыстар күшін жойды.
WTA төрағасы және бас атқарушы директоры Стив Саймон Қытайда өтуі тиіс әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың болмайтынына өкініш білдірді. Сонымен қатар ол 2020 жылғы маусымды өткізудің өзге жоспарларын қарастырып жатқанын айтты.
WTA 2020 жылға арналған күнтізбені қайта қарап, турнирлерді мүмкіндігінше толық өткізуге тырысып жатыр.

Осылайша, қазан-қараша айларында Азия өңірінде тек Токио мен Сеулдегі жарыстар өтеді. Ал Еуропада Линц пен Мәскеуде жарыстар өтеді деп жоспарланған. Алайда бұл турнирлердің нақты өтетін күндері белгіленбеген. Сондықтан олардың нақты өтетініне толық сенімділік жоқ.