Минскіде қазақстандық боксшылар кімдерге қарсы жұдырықтасады?
26 шілдеде Минскіде Suleimen Promotions бокс кешін ұйымдастырады. Рингке шығатын қазақстандық боксшылардың қарсыластары анықталды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Қазақстандық Айдос Ербосынұлы (13-0, 9 КО) нигериялық Нуху Лавальға қарсы кездесуде WBO Global, WBC Asia және WBA International тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы белбеулерін қорғайды. Жекпе-жектің форматы - он раунд.
Желіде Лаваль туралы мәлімет аз. Нигериялық боксшының жасы 38-де. Рингке 33 рет шыққан. Оның алтауында жеңіліп, қалғанында жеңіске жеткен. 15 қарсыласын нокаутпен жеңген.
Жартылай орта салмақтағы Нұрсұлтан Жаңабаев (8-0, 5 КО) америкалық Сэнди Мессаудаға қарсы он раундтық жекпе-жек өткізеді.
Америкалық боксшы туралы да мәлімет аз. Белгілісі Мессауда кәсіпқой рингте 19 жекпе-жек өткізген. Оның алтауында жеңіліс тапқан. 13 жекпе-жекте жеңіске жеткен. Америкалықты нокаутер деуге келмейді. Себебі боксшы жекпе-жектерінің біреуін ғана мерзімінен бұрын аяқтаған екен.
Ал ауыр салмақтағы Нұрсұлтан Аманжолов (2-0, 1 КО) грузиялық боксшы Рамази Гогичашвилимен (14-3-2, 6 КО) алты раундтық жекпе-жекте жұдырықтасады.
Гогичашвили туралы ақпараттар басқа боксшыларға қарағанда көбірек. Грузиялық боксшы 1994 жылы туған. Кәсіпқой бокста жүргеніне сегіз жылдан асқан. Бүгінге дейін 19 рет жұдырықтасқан. Оның 14-інде қарсыласынан басым түссе, үш рет жеңілген. Тағы екі кездесуде тең тарқасқан. Алты жекпе-жекте қарсыласын нокаутқа түсірген.

Рамази Гогичашвили (қызыл шортыда)
Былтыр наурызда Рамази қазақстандық Асхат Жантұрсыновпен жұдырықтасқан болатын. Сол кездесуде Асхат қарсыласын жеңген еді.
Беларуссия астанасында екі қазақстандық боксшы алғашқы рет кәсіпқой рингте өнер көрсетеді. 2019 жылғы Азия чемпионы Бек Нұрмағанбет алты раундқа есептелген жеңіл салмақтағы жекпе-жекте Зура Мекеришвилиге қарсы шығады.
Мекерешвили де - грузиялық боксшы. 26 жастағы Зура Мекерешвили 35 жекпе-жек өткізіп үлгерген. Бірақ оның басым бөлігінде жеңіліп қалған. Дәлірек айтқанда, 11 рет жеңіске жетсе, 23 рет қарсыласына жол берген. Бір кездесуде тең түскен.
Грузиялық боксшы 2017 және 2019 жылдар арасында қатарынан 14 жекпе-жек өткізіп, бәрінде де жеңіліп қалған.
Жеңіл салмақтағы боксшы Евгений Павлов өзінің алғашқы жекпе-жегінде тағы бір грузин Джаба Мемишишимен кездеседі. Бұл жекпе-жек те алты раундқа жоспарланған.
29 жастағы Джаба Мемишиши 21 рет рингке шыққан. Оның сегізінде жеңіске жетсе, 13 рет қарсыласына жол берген. Тек бір қарсыласын нокаутқа түсірген екен. Бүгінде қатарынан алты жекпе-жек бойы жеңіліп келе жатыр.
Былтыр наурызда ол қазақстандық Ескендір Харсанға техникалық нокаутпен есе жіберген болатын.
Естеріңізге сала кетейік, сол кеш аясында қазақстандық боксшы Фируза Шарипова келесі жекпе-жегін өткізуі керек. Оның қарсыласының аты кейінірек жарияланады.