Жазира Жаппарқұл әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды

Ауыр атлетикадан Алматыда өтіп жатқан әлем чемпионатында әйелдер арасындағы 69 келіге дейін салмақ дәрежесінде сайыс аяқталды, деп хабарлайды «PROСПОРТ».

Алғашқы жұлқа көтеру жаттығуында еліміздің қоржынына тағы бір қола түсті. Бұл жолы шағын жүлдеге ие болған – Жазира Жаппарқұл. 20 жасар зілтеміршіміз алдымен 113, кейін 118 келіні көтерді. Күміс медальге ие болған қытайлық Чен Юджуан да дәл осы нәтижені көрсеткен еді, алайда Аспан асты елінің өкілі қазақстандықтан бірнеше граммға жеңіл болып шықты. Ал шағын алтын жүлдені Солтүстік Корея спортшысы Рио Ун Хай алды – 120 келі.

Бұл салмақта 2012 жылғы Олимпиада ойындарының алтын жүлдегері қазақстандық Майя Манеза да бақ сынаған. Отандасымыз жұлқа көтеруде бірінші берген тапсырасы 95 келіні еңсерді. Кейін 100 келі зілтемірді де төбесінен көтере алды. Үшінші мүмкіндігінде зілтемірге бес келіге қосып, нәтижесін жақсартып алды. Манеза алғашқы жаттығу бойынша жетінші орынға тұрақтады.

Майя үшін серпе көтеру жаттығуы сәтсіз аяқталды. Алдымен 126 келіні оңай еңсерген отандасымыз бұдан да ауыр салмақты бағындыра алатынына сенімді болғанбыз. Дегенмен екінші мүмкіндігінде жаңа салмақ дәрежесіне енді бой үйретін келе жатқан Манеза 132 келіні көтере алмады. Дәл осы келі зілтемірді үшінші ретте бағындырғанымен, үш төрешінің екеуі қызыл жалауша көтеріп, есептемей тастады. Осылайша Манеза серпе көтеруде тоғызыншы, қоссайыс нәтижесі бойынша сегізінші орынға жайғасты.

Ендігі үмітіміз Жазира Жаппарқұлда болатын. Жазира алғышқы мүмкіндігінде 140 келіге тапсырыс беріп, жанкүйерлерінің ыстық қолдауымен оңай көтерді. Отандасымыз 144 келі зілтемірді де төбесіне көтерген еді, екі төреші ақ жалаушасын көрсеткенімен, кейін ойларын өзгертіп тастады. Осылайша үш бірдей қызыл жалаушамен Жазираның нәтижесі есептелмеді. Алайда Жазира үшінші мүмкіндігінде 144 келі зілтемірді тағы да бағындыра алды. Рио Ун Хай 145 келіні еңсеріп, серпе көтеруде де алтын жүлдеге ие болды. Ал үздік үштікті Белорусь спортшысы Дзина Сазанавец түйіндеді – 143 келі.

Қоссайыс нәтижесі бойынша Жазира Жаппарқұл 262 (118+144) келіні көтеріп, әлемнің вице-чемпионы атанды. Ал алтын медальді Солтүстік Корея елінің өкілі Рио Ун Хай еншіледі – 265 (120+145) келі. Қола жүлде 261 (118+143) келіні бағындырған қытайлық Чен Юджуанның мойнында кетті.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или