Қазақстандық боксшы Альварес пен Андрадені қалай жеңу керектігі жөнінде айтты
Кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген орта салмақтағы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (8-0, 4 КО) әлем чемпиондары мексикалық Сауль Альварес (53-1-2, 36 КО) мен американдық Деметриус Андрадені (29-0, 18 КО)жеңудің құпиясын айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Мен «Канело» мен Андрадены қалай жеңетінімді білемін. Мен 100% дайынмын. Маған тек олармен кездесу керек. Құрметті әлемдік бокс жанкүйерлері, жақында сізде жаңа жұлдыз пайда болады. Біз тарихты бірге жазамыз», - деп жазды Жәнібек Twitter-дегі парақшасында.
Айта кетелік, Сауль Альварес - орта салмақта WBA чемпионы, Деметриус Андраде WBO чемпиондық белбеуіне ие.
Жәнібек Әлімханұлы орта салмақта WBC Continental America және WBO жаһандық чемпиондық белбеуін иемденген. 27 жастағы қазақстандық алдыңғы жекпе-жегін өткен жылдың 9 қарашасында Фресно қаласында (Калифорния, АҚШ) өткізді. Сол кеште, алтыншы раундта ол Нигериядан шыққан канадалық Альберт Онолуносты (24-3-1, 8 КО) нокаутқа жіберді.