Қоржында сегіз жолдама: Серік Теміржанов Токио Олимпиадасына жолдама алды
Ғалымбек Кенжебаев жаттықтыратын бокстан Қазақстан ерлер командасы сегіз салмақтың жетеуінде Олимпиада жолдамасын еншіледі. 57 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Серік Теміржанов сегізінші жолдаманы қоржынға салды деп хабарлайды Prosports.kz ҰОК ресми порталына сілтеме жасап.
Ширек финалда Теміржанов ирандық Даниал Шахбахшымен кездескен болатын. Алғашқы раундта төрешілер 4:1 есебімен жеңісті біздің боксшыға берді.
Екінші раунд 5:0 есебімен Серіктің пайдасына аяқталды. Ал үшінші раундта Теміржановтың жеңісі мен Токио жолдамасына еш күмән қалған жоқ.
21 жастағы жас боксшы Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алды! Жартылай финалда Серікті әлем чемпионы, өзбекстандық Миразизбек Мырзахалилов күтіп тұр.
Айта кетелік, бүгінге дейін төмендегі спортшылар Токио лицензиясына иелік етті: Серік Теміржанов (57 келі), Зәкір Сафиуллин (63 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Бекзад Нұрдәулетов (81 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары), Василий Левит (91 келі) және Надежда Рябец (75 келі).