Венгриядағы халықаралық турнирге кімдер қатысады
Венгрияның Дебрецен қаласында бокстан дәстүрлі халықаралық турнир – Иштван Бошкай мемориалы басталады. Аталған бәсекеде қазақстандық боксшылар да бақ сынамақ. Команда бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Венгрия шаршы алаңына шығатын боксшылар есімін атап, жас спортшылардың аяқ алысына тоқталды.
Халықаралық турнирде сынға түсетін боксшылар тізімі:
52 келі: Махмұд Сабырхан;
57 келі: Айдос Арапов;
63 келі: Санатәлі Толтаев;
69 келі: Талғат Шайкен;
75 келі: Талғат Жакпеков;
81 келі: Нұрбек Оралбай
91 келі: Айбек Оралбай
+91 келі: Дамир Тойбай.
«Венгриядағы турнирге қарт құрлықтың кіл мықтылары жиналады. Себебі, осы турнирден соң бокстан Еуропадағы іріктеу турнирі басталады. Сондықтан, қарсыластардың барлығы да қарымды болмақ. Ал бұл бәсекеге біз қосалқы құрамдағы боксшыларды апардық. Нақтылап айтар болсақ, өз салмағындағы екінші-үшінші нөмірлі спортшылар аттанды. Негізі, бұл жастар жақын арада өз салмағындағы бірінші нөмірлі боксшыға айналады. Аталған жарыстың біздің команда үшін үлкен тәжірибе болары сөзсіз», - дейді бас бапкер.
Турнирге алғаш рет қатысып отырған Махмұд Сабырхан үшін бұл доданың орны ерекше болмақ.
«Бұл менің ересектер командасы сапындағы ең алғашқы ірі жарысым. Сондықтан, қобалжу да бар, жауапкершілік те бар. Өзімді жақсы қырымнан көрсетуге тырысамын», - дейді ол.