Айбек Оралбай: Венгрияда өтетін турнирге дайындалып жатырмын
Бокстан Қазақстан командасының мүшесі, 91 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын Айбек Оралбай Венгрияда өтетін халықаралық турнирге дайындалып жатыр.
«Бұл күндері Нұр-Сұлтан қаласында Англия, Германия құрамаларымен бірлескен жиын өткізудеміз. Менің негізгі дайындығым ақпан айында Венгрияда өтетін халықаралық сынға бағытталған. Лицензиялық турнирге менің салмағымда Василий Левит қатысады. Егер ол жолдама алмаған жағдайда, екінші әлемдік турнирге мен барамын.
Осыған дейін Алматыдағы АІВА базасында жаттығу жиынын өткіздік. Аталған жиынға Куба, Венгрия, Жапония құрамалары келді. Әсіресе, кубалықтардың құрамы мықты. Олардың қатарында бірнеше әлем және Олимпиада чемпиондары бар.
Әйгілі Хулио Сезар Ла Круз 91 келіге ауысқан. Екеуміз спаррингтік кездесу өткіздік. Жалпы олардан үйренетініміз көп. Әсіресе, төзімділігі жағынан оларға тең келер ешкім жоқ. Шаршауды білмейді. Осы тұрғыдан бізге үлкен тәжірибе болды бұл жиын», - дейді Айбек.