Айдын Смағұлов Олимпиада маусымындағы ең үлкен мақсаттарды атады
<span>Дзюдодан Қазақстан командасының бас бапкері Айдын Смағұлов 2020 жылғы басты спорттық оқиғаларға тоқталып өтті. Бас жаттықтырушының айтуынша, алдағы маусымда спортшыларға артылар жауапкершілік жүгі үлкен. </span>
<span>Olympic.kz команда бапкерінің пікірін назарларыңызға ұсынады. «2020 жылы күресетін құрам толығымен жасақталып тұр. Біз жастарға да, жасөспірімдерге де мүмкіндік береміз. Жасөспірімдерден 60, 66 келіде жақсы спортшылар өсіп келеді. Егер олар ірі жарыстарда көзге түсіп, жақсы бәсекелестік тудыра алса, оларды да қатарға қосамыз. </span>
<span>2020 жыл біздің команда үшін Австриядағы халықаралық оқу-жаттығу жиынынан басталады. 6-16 қаңтар аралығында әлемдегі 500-ден аса спортшылар бас қосып, жаттығу жиынын өткізеді. Содан соң, Израильде турнир өтеді. Аталған сынға рейтингте төменгі орында келе жатқан спортшыларға мүмкіндік береміз. Францияда өтетін Гранд-слэм турниріне бірінші нөмірлі балуандарымыз түгел қатысады. Өйткені, бұл әлемдегі ең мықты жарыстардың бірі. Дюссельдорфтағы Гран-при турниріне ұпайы аз спортшыларды жібереміз, ал Мароккодағы турнирде негізгі құрам күреседі. </span>
<span>Лицензия иелену үшін ұпайы жетпей жатқан жігіттер Екатеринбургте сынға түседі. Грузия мен Түркиядағы турнирлерге негізінен жастарды апарамыз. Кейін Азия чемпионатының жалауы желбірейді. Оған балуандармыз түгел қатысады. Содан кейінгі Masters турнирінде жігіттер бар күшін пайдаланып, ұпай алуы тиіс. Себебі, олимпиадаға іріктеу кезеңі осы жарыспен жабылады. Бұл турнирлер арасында оқу-жаттығу жиындары бар. Ал Токио Олимпиадасы қарсаңында екі ай үзіліс алып, дайындық жүргіземіз», - дейді бас бапкер. </span>