Әжіғалиев: Мақсатым - әлем біріншілігінен жүлде алу
Қысқы спорт маусымы басталып, қазақстандық спортшылар байрақты бәсекеге бел сыбана кірісіп кетті. Қараша айының үздігі атанған шорт-трекші Абзал Әжіғалиев Шанхайда (Қытай) әлем кубогының төртінші кезеңіне қатысты.
Ол жарыста екі рет финалға шыққанымен, жүлдесіз қалды. Абзал өткен жарыстарды қорытындылап, алдағы жоспарымен бөлісті.
- Шанхайда өткен әлем кубогының төртінші кезеңінде 500 м қашықтықта екі рет финалға жолдама алдым. Алайда, екі финалдық кезеңде де төртінші орыннан көріндім. Бірінші жарысымда кореялық қарсыласым кедергі келтіріп, артымнан итерген соң, құлап қалдым. Сөйтіп, Шанхайдағы доданы төртінші орынмен аяқтадым. Жарыстан жүлдесіз қалдым деп салым суға кетпейді. Себебі, біздің маусым енді басталып жатыр.
Алда әлі жарыс көп. Осы маусымдағы басты мақсатымыз – эстафетадан командалық жарыста үздік сегіздікке кіріп, әлем чемпионатына жолдама алу. Ал өзімнің мақсатым – жеке дистанцияда әлем біріншілігінен жүлде алу. Алда жоспар өте көп. Жаңа жылдан кейін ұлттық құрамамен Канадаға аттанамыз. Ол жақта төрт құрлық жарысына қатысып, әлем кубогінің бесінші, алтыншы кезеңдеріне қатысамыз. Жылдың қорытынды жарысы Сеулде (Оңтүстік Корея) өтетін әлем чемпионаты болмақ,- дейді Абзал Әжіғалиев.