Басқа

Дархан Асәділов: Биыл бір турнирде ғана жеңіліс таптым

Дархан Асәділов: Биыл бір турнирде ғана жеңіліс таптым
news-banner7
mobile-news-top

Каратэден Олимпиада қарсаңындағы тартысқа толы маусым аяқталды. Қазақстан командасы Испанияның Мадрид қаласында өткен соңғы кезеңде 3 алтын, 2 күміс медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте көш бастады. Алтын жүлдегерлер қатарында команда көшбасшысы, олимпиадалық рейтингте бірінші орында тұрған Дархан Асаділов те бар. Prosports.kz Каратэшінің Ұлттық Олимпиада комитетіне берген сұхбатын жариялауды жөн көріп отыр.

«Тартысқа толы тағы бір жыл аяқталды. Бұл маусымда барлық спортшылар Олимпиадаға жолдама алу үшін жанталасып жатыр. Олардың қатарында мен де бармын. Шыны керек, каратэ Олимпиада бағдарламасына енгелі бері, бізге қойылатын талап та күшейді, жарысқа қатысатын спортшылар саны де еселеп өсті. Барлық спортшы төртжылдық додасына қатысқысы келеді. Сондықтан, бұл заңды нәрсе. Ал өзіме келер болсам, биылғы маусымда жалпы есебі 11 жарысқа қатысыппын. Яғни, каратеден өткізілетін Премьер-лига және А сериясы турнирлерінің біреуінен де сырт қалған жоқпын. Одан бөлек, биыл ұйымдастырылған Азия чемпионаты да бар. Премьер-лига турнирлерінің біреуінде ғана ұтылдым. Мәскеуде өткен кезеңде қола медаль үшін айқаста жеңіліп қалдым. Сондай-ақ, маусымдағы ең алғашқы жарыста және Чилидің Сантьяго қаласында өткен турнирде үздік үштікке ендім. Қалған бәсекелердің барлығында топ жарып, алтыннан алқа таққан жайым бар. Әзірге, олимпиадалық рейтингте де көш бастап тұрмын. Әрине, бір маусымда осынша жарысқа қатысу оңай емес. Бір ай ішінде әлемнің әр түкпірінде өтетін екі турнирге қатысқан кездеріміз де болды. Бұл мені одан сайын шыңдай түсері анық. Өйткені, мен секілді әлемдегі барлық каратеші де осылай тынымсыз еңбек етуде. Барлығының көздегені – Олимпиада жүлдесі. Сондықтан, бізге еш босаңсымау қажет. Бір турнирге үздік елу, алпыс, тіпті жүз спортшының қатысатын кездері бар. Сондай сәттерде топтан озып шығуыма себепкер болған жандар көп. Олар – командадағы бапкерлерім, соңымнан ерген ізбасар спортшылар, дәрігерлер мен массажшылар және бізге сенім артып, үміт еткен жанкүйерлер. Менің барлық жеңісімнің артында өзімнің ғана емес, осы жандардың да еңбегі жатыр. Жылдың қорытынды турнирін өте жақсы нәтижемен аяқтадық. Мадридтегі Премьер-лиганың соңғы кезеңінде біздің құрама 3 алтын және 2 күміс иеленіп, жалпы командалық есепте бірінші орын алды. Бұл үлкен қуаныш. Ал менің салмағымда талантты жастар өсіп келеді. Әлемдік деңгейде айқаса алатын 3-4 спортшы бар. Бәрінің де әлеуеті жоғары. Қайсар Алпысбай атты бауырым осымен екінші рет финалға шығып, екеуінде де маған ізет білдіріп, жол берді. Аға деп сыйлағаны үшін Қайсарға айтар алғысым зор. Бұйырса, Қайсар Алпысбай да қазақ еліне талай жүлде сыйлап, абыройын асқақтатарына сенімім мол. Енді бізді аса тартысты маусым күтіп тұр. 2020 жылы Токиода Олимпиада ойындары өтеді. Сол Олимпиадада мен талай жыл серік еткен каратеден тұңғыш рет чемпиондар анықталмақ. Менің де ізгі арманым – Олимпиадада Қазақстанның көк байрағын желбірету», - дейді Дархан.

Айта кетелік, Дархан Асаділов каратеден 60 келі салмақта олимпиадалық рейтингте бірінші орында келеді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер