Махмұд Сабырхан: Жастар арасындағы жетістігімді ұлттық құрамада қайталағым келеді
Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өткен бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатын Қазақстан командасы өте сәтті аяқтады. Қайрат Сәтжанов жаттықтыратын жас боксшылар құрлық додасынан алты алтын еншілеп, жалпы командалық есепте көш бастады. Турнирде шеберлігімен көзге түскен жас боксшылардың бірі Махмұд Сабырхан ересектер қатарына өтуге дайындалып жатқанын айтты.
«Ұлан-Батырдағы бокс бәсекесі өте жоғары деңгейде өтті. Мен бірінші кезеңде Моңғолия, екінші айналымда Филиппин, үшінші кездесуде Өзбекстан боксшысын жеңдім. Ал финалда тайландтық спортшымен жұдырықтасып, Азияның алтынын иелендім. Бұл менің Азия чемпионатынан жеңіп алған үшінші әрі соңғы алтын жүлдем. Өйткені, алдағы маусымнан бастап ересектер қатарына өтемін», - дейді Махмұд.
Жас боксшы құрлық додасының ең қиын кездесуіне де тоқталды.
«Мен үшін ең ауыр жекпе-жек Филиппин өкілімен өтті. Өте тартысты кездесу болды. Дегенмен, төрешілер менің шеберлігімді бағалап, 5-0 есебімен жеңісті маған берді. Осы орайда, Өзбекстан боксшысымен өткен кездесуді де айтқым келеді. Көптеген БАҚ өкілдері мені ересектер арасындағы әлем чемпионын жеңді деп жазуда. Биыл Екатеринбургте өткен әлем біріншілігінде өзбекстандық Миразизбек Мирзахалилов 57 келіге дейінгі салмақта чемпон атанған еді. Алайда, Азия чемпионатында мен оның туған інісімен кездестім. Аты-жөні ұқсас болған соң, кейбір БАҚ өкілдері қате жіберіпті», - дейді спортшы.
Түркістан облысы, Еңбекші ауданы Маятас ауданында туып-өсіп, әкесінің ықпалымен үлкен спортқа аяқ басқан Махмұд енді ересектер арасында өзін мойындатып көрмек.
«Бұйырса, желтоқсан айында өтетін Қазақстан біріншілігіне қатысамын. Сол бәсекеде бар күшімді салып, ұлттық құрама бапкерлерінің көзіне түссем деймін. Жастар арасындағы жетістігімді енді ересектер арасында қайталағым келеді. Ұлттық құрама сапында әлем және Олимпиада чемпионы болсам деген арманым бар. Бокс біздің төл өнеріміз іспетті. Серік Сәпиев, Геннадий Головкин ағаларымның ізімен жүремін», - дейді Махмұд.
Айта кетелік, биыл бокстан өткен Президент кубогі додасында Махмұд Сабырханға үздік техника үшін берілетін сыйлық табысталды.