Футзал

Қатігез жеребе

Қатігез жеребе
news-banner7
mobile-news-top

21 қараша күні Алматы футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының элиталық кезең матчтарын қабылдайды. Төрттік финалға шығу үшін «Қайратқа» қиын болатыны даусыз. Соқыр жеребе алматылық клубқа қатігездік танытты. Әрине, топтағы әр команда үшін жеребенің жолдас болмағаны анық. Себебі жолдама - жалғыз. Төрт команданың қай қайсысы да Төрттік финалға әбден лайықты. Алматылық клубтың бас бапкері Кака жеребенің турнир үшін әділетсіз болғанын тілге тиек етті. Бразилиялық маман мен оның шәкірттеріне тек жеңіс тілей отырып, Prosports.kz «Қайраттың» Элиталық кезеңдегі қарсыластарымен таныстыруды жөн көрді.

«Эль-Посо» (Мурсия, Испания)

Құрылған жылы: 1989 ж

Жетістіктері:

Футзалдан Испания чемпионы: 1998, 2006, 2007, 2009, 2010;

Испания Кубогының иегері: 1995, 2003, 2008, 2010;

Испания Суперкубогы: 1995, 2006, 2009, 2012, 2014, 2016;

«Эль-Посо» - Испаниядағы әйгілі клубтардың бірі. Құрылғанына 2019 жылы 30 жыл толды. 1992 жылы мурсиялық клуб алғашқы жетістігінен жетті - Испания чемпионатының күміс жүлдегері атанды. 1997/98 маусымда «Эль-Посо» өз тарихында алғаш рет чемпионатты жеңіп алды.

Пиреней түбегінің оңтүстік-шығысындағы клуб тарихындағы ең сәтті кезең 2006-2010 жылдар аралығы. Осы уақыт ішінде төрт рет Испанияның үздік клубы атағына қол жеткізді.

Соңғы жылдары «Эль-Посо» «Интер» және «Барселонаның» тасасында қалып жүр. Испанияда соңғы 8-9 жылдықта осы екі клуб үстемдік құрып жүр. Алайда, өткен маусымда «туристер» тұрақты чемпионатты жеңіп алып, плей-оффқа шыққан болатын. Ол жерде «Барсадан» ұтылып қалды. Алайда, Чемпиондар лигасында өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Жоғары рейтингтің арқасында клуб негізгі айналымнан бастап, өткен кезеңде «Қайратпен» бір топқа түскен еді. Тіпті, алматылық клубты ұтып та кетті. Топтан екі командамен қатар, үздік үшінші команда да келесі кезеңге шығатын болғанғандықтан, қос команда енді Элиталық кезеңге шықты. Бұл жолы «Қайратқа» ұтылуға болмайды.

Испан чемпионатында «Эль-Посо» үшінші орында келеді. Көшті «Барселона» бастап тұр. Команданың ең қауіпті ойыншысы - бразилиялық Фелипе Парадински Дос Сантос. Біріншілікте жеті доп соққан Дос Сантос сұрмерген тізімінде. Бұл жігітпен «Қайрат» ойыншылары жақсы таныс. Себебі, Игита қақпасына өткен кезеңде Фелипе де гол соққан болатын.

«Бенфика» (Лиссабон, Португалия)

Құрылған жылы: 2001

Жетістіктері:

Португалия чемпионы: 2003, 2005, 2007, 2008, 2009, 2012, 2015, 2019;

Португалия кубогының иегері: 2003, 2005, 2007, 2009, 2012, 2015, 2017;

Португалия суперкубогының иегері: 2003, 2006, 2007, 2009, 2011, 2012, 2015, 2016;

Лига кубогының иегері: 2018, 2019;

УЕФА Чемпиондар лигасының иегері: 2009, 2010.

Үлкен футболдағы «Бенфиканың» тарихы терең болғанымен, футзалдағы «Бенфика» бар болғаны 18 жаста. Әйткенмен, аз уақыт ішінде бірнеше жүлделер жеңіп үлгерді. Бұл жағынан тек басты қарсыласы «Спортингтен» қалып келеді.

Өткен маусымда «қырандар» «Спортингтің» ішкі чемпионаттағы үш жылға созылған гегемониясын тоқтатты. Араға төрт жыл салып, Португалия футзалының үздігі атанды.

«Бенфика» өзінің маңызды халықаралық жеңісіне тек 2010 жылы қол жеткізді. Португал футзалының тарихында алғаш рет Чемпиондар Лигасын жеңіп алды. Төрттік финал Лиссабонда өтіп, алаң қожайындары олжалы болды. Финалда испандық «Интерді» 3:2 есебімен жеңді.

Келесі жылы португалдықтар УЕФА Чемпиондар лигасының шешуші кезеңіне қайта шықты, бірақ жартылай финалда жеңіліп, үшінші орын үшін матчта «Қайратпен» кездескен еді. Алматыдағы тұңғыш рет өткен Төрттік финалда сол маусымда португалдықтарды ұтып, қола медальды жеңіп алған болатын.

2019/2020 маусымда «Бенфика» Португалияда қарқынды. Тоғыз ойында сегіз мәрте жеңіске жетті. Бір матчта ғана қарсыласымен тең түсті. Элиталық кезеңге де «қырандар» қиналмай шықты. «Херсон», «Араз» және «Халле-Гооик» командалары бар топта бірінші орында иемденді.

«Бенфиканың» құрамы Бразилия, Испания, Ресей және Португалия секілді футзал әлемінде алғашқы орындардан көрінетін құрамалардың ойыншыларынан жасақталған. Дәл осы «Бенфика» «Қайраттың» топтағы басты қарсыласы болып көрінеді.

«Песаро» (Песаро, Италия)

Құрылған жылы: 1999

Жетістігі: Италия чемпионы: 2019

«Песаро» жиырма жылдан бері футзалда жүргенімен, осы жылы ғана алғашқы трофейіне қол жеткізді. Италия футзалында үлкен сенсация жасап, «скудеттиді» жеңіп алды.

2019/2020 маусымда да «Песаро» чемпиондық атағын қорғауға ниетті екенін көрсетіп жүр. Маусым барысында бір мәрте ғана жеңілді. Турнирлік кестеде екінші орында тұр.

Өткен кезеңде италиялықтардың жолы болды десек артық айтқанымыз емес. Мысалы, «Қайрат» Испания және Ресей клубтарымен бір топқа түссе, «Песаро» швециялық «Уддевалла» германиялық «Вайлимдорф» және грузиялық «Джорджианспен» бір топта өнер көрсетті. Үшеуін де ұтып, Элиталық кезеңге шықты. Осының өзі «Песаро» үшін үлкен жетістік.

Қағаз жүзінде «Песаро» топтың аутсайдері саналады. «Қайрат», «Бенфика» секілді футзал алыптары бұл ұжымға төбеден қарары заңды. Алайда, қарсыласты өз деңгейінде бағаламаудың түбі жақсылыққа әкелмесі бүкіл спортта дәлелденген.

Еске сала кетейік, «Қайрат» Элиталық кезеңде еліміздің атынан өнер көрсететін жалғыз команда емес. Рудныйлік «Аят» та Төрттік кезеңге шығуға талпынып көрмек.

УЕФА Чемпиондар лигасы. Элиталық кезең

«Тюмень» - «Аят», 21 қараша 20:00-де *

«Аят» - «Спортинг», 22 қараша 17:00-де

«Ново време» - «Аят», 24 қараша, 16:00-де

* Нұр-Сұлтан уақытымен

Қайрат Оразбеков: «Қайрат» АФК әркез жоғары орын үшін таласады

Қайрат Оразбеков: УЕФА-ға алғысым шексіз

Кака: Жеребе турнир үшін әділетсіз болды

Түпнұсқасы: prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер