Абат Айымбетов: «Ақтөбеде» өмір жалғасып жатыр
Қазақстандық футболшылар арасындағы осы маусымдағы үздік сұрмерген Абат Айымбетов Prosports.kz тілшісіне берген сұқбатында қазіргі бабы, Бельгия ұлттық құрамасы және өзінің соққан голдарын клубтың тағдыры үшін қиюға дайын екенін айтып берді.
- Абат, қыркүйектегі жарақаттан кейін алаңға алғаш рет шықтыңыз. «Оқжетпеспен» ойынға толық дайын болдыңыз ба? Құлан-таза айықтым деп айта аласыз ба?
- Әрине, толық дайын болған жоқпын. Сонда да барынша командаға көмектесуге тырыстым. Өкінішке орай, матч тағдырын өзгерте алмадық. Ұтылып қалдық. Кәзіргі уақытта 70 пайызға дайынмын деп ойлаймын. Алдағы уақыттарда өз бабыма келіп, командаға пайдамды тигізуге тырысамын.
- Өкінішке орай, Ақтөбе Премьер лигадан шығып қалды. Ұжымның қазіргі жағдайы қалай? Болашақ бұлыңғыр емес пе? Басшылық не деп жатыр?
- Өкініш өзекті өртейді. Дегенмен, қиын жағдайға қарамастан, өмір жалғасып жатыр. Кәсіпқой футболшы болған соң, келісім-шартты түгелдей өтеу керек деп ойлаймын. Басшыларымыз ештеңеге алаңдамай, өз жұмыстарыңды істей беріңдер деді.
- Жақында клуб төңірегінде келісілген матчарға байланысты үлкен дау шықты. Бірінші команда ҚПЛ- да қалу үшін қасық қаны қалғанша таласып жүргенде, жастардың бұлай шатасқаны қалай? Не түрткі болды деп ойлайсыз футболшылардың осындай әрекетке баруына?
- Бұндай әретке жігіттерді қандай жағдай итермелегенін мен білмеймін. Әсіресе, клуб үшін қиын-қыстау кезде. Бұл деген өте үлкен қателік деп ойлаймын.
Ақтөбелік футболшылар келісілген матчтарға қатысқан
- Осы маусымдағы жемісті ойыныңыз ұлттық құрама бапкері Михал Билектің назарыңа ілікті. Маусым айында алғаш рет шақырту алдыңыз. Ұлттық құрама жейдесін киген кезде қандай сезімде болдыңыз?
- Кез келген футболшы үшін – бұл өте жоғары жетістік. Ұлттық құрамада ойнау - арман. Сол арманға жеткеніме қуанышымда шек жоқ. Басында қатты толқыдым.

- Алғашқы матчты Бельгияға қарсы өткізіп, 15 минут өнер көрсеттіңіз. Бельгия мен Қазақстан футболшыларының деңгейі қаншалықты алшақ?
- Екі команданың деңгейін салыстыру қиын. Бельгия құрамасы футбол әлемінде 1-ші орында келе жатыр. Сол елдің ойыншылары Еурапаның ең мықты командаларында ойнайды. Әрине, солардан үлгі алып, өте жоғары деңгейде ойнауға тырысу керек деп ойлаймын.
- Қонақта Шотландиядан 3 ұпай алуға құраманың қауқары жете ме?
- Былай деп жауап берейін. Сол ойында құрамамыздың әр ойыншысы жеңіске жетуге бар күшін салатынына күмәнім жоқ. Бапкердің айтқан сөздерін ұғып, алаңда тәртіптікті сақтап, бір-бірін қолдаса, үш ұпайды неге алмасқа.
- Ақтөбе үшін маусым аяқталса да (турнир кестесі тұрғысынан), Абат үшін әлі тартыс алда. Үздік сұрмергендер қатарыңдасыз. «Қайраттағы» Эсеоланы қуып жету қаншалықты мүмкін?
- Менің басты мақсатым – жеке жетістіктер емес, командаға көмек көрсету. Бар соққан доптарымды Премьер лигада қалу үшін жеткілікті ұпайларға ойланбастан алмастырар едім.

- Клубпен келісімшарт қай уақытқа дейін? Басқа клубтардан ұсыныс жайлы ақпарат бар ма?
- Мен «Ақтөбе» футбол клубының ойыншымын. Басқа клубтар туралы әңгіменің қозғауы дұрыс емес деп ойлаймын.
- Тобыл, Қайрат, Астана... Қай команда чемпион болады? Болжам қандай?
- Менің ойым, әр аталған команда чемпиондыққа лайық. Бірақ, «Қайрат» пен «Астананың» мүмкіндігі қостанайлықтарға қарағанда жоғары секілді сезіледі.