Абдулманап Нурмагомедов атыраулық жастармен кездесті
Еркін күрестен КСРО спорт шебері, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, жеңіл салмақта UFС чемпионы Хабиб Нурмагомедовтің бапкері Абдулманап Нурмагомедов Атырау облысының жасөспірімдерімен кездесті.
<span> Еркін форматтағы кездесу Жастар жылына орай «Жастар спорт fest» жобасы аясында ұйымдастырылды. Кездесуде атыраулық жас спортшылар Абдулманап Нурмагомедовке сұрақтар қойып, бапкердің тәжірибесіне негізделген ақпараттармен танысты. Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар Хабиб Нурмагомедовтің жетістік жолы туралы білді. «Атырау қаласына алғаш келуім емес. Осымен екінші рет келіп отырмын. Қазақстанның атынан шығып жүрген әлемдік деңгейдегі спортшылар жетерлік. </span>
<span>Сондықтан жас буынға айтарым, салауатты өмір салтын ұстаныңыздар», - деді Абдулманап Нурмагомедов. Сонымен қатар, кездесуде Атырау облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов алда өткізілетін «Жастар спорт fest» шарасының маңыздылығына тоқталды. </span>
<span>«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы да бұқаралық спортты кең көлемде дамыту керегін жиі айтады. Өйткені, аталған спортта біздің чемпиондардың көп болуы – еліміздің жетістігі. Ал, қазіргі таңда спортшылар арасында жастар белсенділік танытып келе жатыр. Өздеріңіз білетіндей, Елбасымыз ағымдағы жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын. Осы орайда 4 күнге созылатын шара өткізбекшіміз. Оған арнайы қонақ ретінде келген Абдулманап Нурмагомедовке сіздердің және өзімнің атымнан алғысымды білдіремін», - деді Ринат Ибрагимов.</span>