Бокс

Әлем чемпионаты: Өзбек боксшылары үстемдік құрды

Әлем чемпионаты: Өзбек боксшылары үстемдік құрды
news-banner7
mobile-news-top

Бокстан Екатеринбургте өткен әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Біріншілікте ел қоржынына бір алтын, бір күміс, төрт қола медаль түсті, деп жазады Prosports.kz.

Дүбірлі додаға тұңғыш рет қатысқан қазақ боксшысы Бекзат Нұрдәулетов жарыстағы ең ірі сенсацияның авторы атанды десек артық болмас. 81 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен 21 жастағы боксшымыз 1/2 финалда 2016 жылы Риода өткен Олимпиада чемпионы, төрт мәрте жаһандық біріншілікте топ жарған Хулио Ла Крузды екінші раундта нокдаунға жіберіп, финалға өткен болатын. Ал шешуші жекпе-жекте өзінің құрдасы өзбекстандық Диолшодбек Рузметовты айқын жеңді. Ел қоржынына жалғыз алтынды жас боксшымыз салды.

Ресейдегі жарыста топ жаруға 91 келіден жоғары салмақта жұдықтасқан Қамшыбек Қоңқабаевта мүмкіндік болған еді. Үмітсіз - шайтан, әйткенмен, финал алдында қазақ боксшысының қарсыласы өте мықты екенін жақсы түсіндік. Өзбекстандық Баходир Жалоловты әуесқой дегеннен гөрі, кәсіпқой боксшы деуге болады. Бір емес, кәсіпқой бокста жеті жекпе-жек өткізген. Түсінбейтін бір дүние бар: турнир әуесқойлар арасындағы әлем чемпионаты. Бірақ жарысқа тәжірбиелі кәсіпқой боксшы қатысады. Логика қайда? Кәсіпқой мен әуесқой боксшының арасында айтарлықтай айырмашылық болатынын ширек финалда Баходирдің өзі айқын көрсетіп берді. Бірінші раундта қарсыласы америкалық Ричард Торресті ауыр нокаутқа жіберді. Нәтижесінде Торрес ауруханадан бір-ақ шықты.

Бұл салмақтың шешуші жекпе-жегінде, мойындау керек, Жалолов қиналмастан жеңді. Қамшыбекпен салыстырғанда бойының ұзындығы бар, қолдары да ұзын. Қоңқабаев алға қанша ұмтылса да, қарсыласына бір дөп соққы тигізе алмады. Бірінші раундтан кейін-ақ боксышымыз Мырзағали Айтжановтың кеңесіне құлақ асудан қалды. Ес жиып, бар күш-жігерін жинап, жеңісті жұлып алуға Қамшыбектің шамасы жетпеді. Күмісті қанағат тұтты.

52 келіге дейінгі салмақтың чемпионы өзбек боксшысы Шахобидин Зоиров атанды. Көршілес елдің өкілі финалда индиялық Амит Пангалды ұтты. Осы салмақтағы боксшымыз Сәкен Бибосынов дәл осы Амитке жартылай финалда есе жіберген еді. Жекпе-жек барысында нокдаунға да түскен болатын. Сәкен қоланы мойынға ілді.

57 келіге дейінгі салмақта ел үмітін Қайрат Ералиев ақтай алмады. Қайрат екі жыл бұрынғы әлем чемпионатындағы жетістігін қайталап, Ресей төрінде көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды шырқатама деп ойлап едік. Алайда Қайрат ширек финалда сүрінді. Боксшымыздың жолына кесе-көлденен тұрған өзбекстандық Миразизбек Мирзахалилов осы турнирде түбі топ жарды. Финалдық кездесуде Миразизбек үш дүркін әлем чемпионы кубалық Ласоро Альварестен басым түсті.

2012 жылы Лондон қаласында өткен Олимпиадада Серік Сәпиевтен 1/2 финалда ұтылған тәжірбиелі боксшы ресейлік Андрей Замкавой 69 келіге дейінгі салмақта үздік болды. 32 жастағы былғары қолғап шебері ақтық сында Пэт Маккормакты әупірімдеп жүріп жеңді. Жартылай финалда Замкавойдан ұтылып қалған Абылайхан Жүсіпов әлемдік доданың қола жүлдесіне ие болды.

Нокдаунның ащы дәмін жартылай финалда 75 келіге дейінгі салмақта сынға түскен боксшымыз Тұрсынбай Құлахмет те сезінген болатын. Тұрсынбайға қоланы қанағат тұтуға мәжбүр еткен филипиндік Эумир Марсьяль ринг қожайыны ресейік Глеб Бакшидің мықтылығын мойындады. Екінші раундта Глеб қарсыласын нокдаунға жіберді.

Василий Левит бақ сынайтын 91 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үлкен дау туды. Левитті жартылай финалда көзді бақырайтып қойып аяқтан шалды. Көзі бар жанның бәрі көретін жеңісті AIBA төрешілері көрмеді. Көрсе де көргілері келмеді. Тағы бір алтын жарыс қожайындарына бұйырсын деді ме. Әлде "бізге бұйыртсын!" деген тапсырма келді ме...

Левиттің салмағындағы додада ресейлік боксшы Муслим Гаджимагомедов ұтып кетті. Финалда біздің Василийді айналып өткен эквадорлық Хулио Кастильоны 3:2 есебімен ұтты. Құттықтаймыз!

63 келіге дейінгі салмақта Закир Сафиуллин 1/8 финалда жарыс жолынан шығып қалған еді. Кубалық Энди Крустан қазақстандық боксшы сөзсіз ұтылған болатын. Сөйтсек, Энди шын мықты болып шықты. 63 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанды. Осылайша, бір кездері әуесқой бокста қарсылас шақ келтірмейтін кубалықтар бір алтын ғана қанжығаға байлады.

Жалпы есепте 3 алтын, 1 күміс, 1 қола еншілеген Өзбекстан бірінші орын алды. Жарыс қожайындары Ресей екінші орында. Оларда 3 алтын, 1 күміс. Ал 1 алтын, 1 күміс, 4 қоланы ұтып алған Қазақстан құрамасы үздік үштіктен көрінді. Медальдар саны бойынша біздің құрама үздік болды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер