Бибосынов: Әлем чемпионатында басты қарсыласым - Куба мен Өзбекстан боксшылары
Президент кубогы Халықаралық турнирінің жеңімпазы, әлем чемпионатында 52 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан намысын қорғайтын боксшымыз Сәкен Бибосынов алдағы чемпионатқа дайындығы туралы айтып берді.
- Әлем чемпионатына дайындығымыздың бірінші кезеңі Алматы облысының AIBA кешенінде өткен болатын. Оқу-жаттығу жиындары сәтті өтті деп айтуға болады. Жаттығу барысында біраз күш жинадық. Қазіргі уақытта оқу-жаттығу жиынының екінші кезеңі Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатыр.
Чемпионатқа қарқынды түрде дайындалып жүрміз. Себебі, қарсыластарымыз өте мықты. Менің салмағымдағы басты қарсыластарыма тоқталар болсам, 2016 жылғы Рио Олимпиадасының жеңімпазы, өзбекстандық Шахобиддин Зоиров пен 2017 жылғы әлем чемпионы, кубалық боксшы Йосвани Вейтияның деңгейі жоғары.
Сонымен қатар Ресей боксшысы Василий Егоров та бәсекелестік көрсете алады. Дегенмен, бар күшімді салып, Қазақстанымыздың туын көкке көтеріп, жоғары нәтижелерге көрсетемін деген үміттенемін, - дейді Сәкен.